Саясат

Туапседегі теңіз терминалындағы өрт оқшауланды

Ресейдің Туапсе қаласындағы теңіз терминалында төрт тәулік бойы жанған ірі өрт оқшауланды.

Фото: Social Media via REUTERS

Алайда өртті толық сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы Краснодар өлкесінің жедел штабы 24 сәуірде хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, өртті сөндіруге 276 адам мен 77 техника жұмылдырылған.

Өрт қалай басталды?

Терминал 20 сәуірге қараған түні украиналық дрондардың соққысынан кейін өртенген. Бұл сәуір айындағы екінші шабуыл болған. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, тағы біреуі жарақат алды. Бұған дейін 16 сәуірде шыққан алғашқы өрт тек 20 сәуірде ғана толық сөндірілген еді.

Аталған мұнай құю терминалы Туапсе мұнай өңдеу зауытымен біртұтас өндірістік кешен ретінде жұмыс істейді.

Тұрғындар билікті ақпаратты жасыруға айыптайды

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, билік бірнеше күн бойы жағдай туралы толық ақпарат бермеген, мектептер де уақытында жабылмаған.

Тек үшінші күні ғана жедел штаб қала аумағында өрт тарағанын ресми түрде мойындады. 22 сәуірде аспаннан қара күйе жауған.

Билік бірнеше ықшамаудан тұрғындарына сыртта аз жүруге және терезе ашпауға кеңес берген.

Экологиялық қауіп күшейді

Дрон соққылары салдарынан мұнай өнімдері теңізге және Туапсе өзеніне түскен. 20 сәуірде билік өзенге 750 метрлік бонды бөгеттер орнатылғанын және арнайы құрылғылар арқылы мұнай қалдықтары жиналып жатқанын хабарлаған.

Алайда 24 сәуірде тұрғындар әлеуметтік желілерде бұл бөгеттердің шыдас бермеуі мүмкін екенін айтып дабыл қақты. Олардың сөзінше, мұнай өнімдерін бар-жоғы төрт адам күрекпен тазалап жатыр, ал әкімдік тарапынан жеткілікті көмек көрсетілмей отыр.

Сайт Әкімшілігі