Әлеумет

Тұмшалансаң айып төлейсің!

16 мамырда парламент мәжілісі «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

Jasalash.kz
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев таныстырған заң жобасына «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» деген жаңа ұғымдар енгізілген.«Бұл ұғымдарды енгізу, сонымен бірге деструктивті діни ағымдардың таралуы және олардың атрибуттары мен сыртқы белгілеріне тыйым салу ­– қоғамға бөтен идеологияның енуіне тойтарыс беруге мүмкіндік береді», – деді министр.Жоба бойынша мемлекеттік қызметкерлерге де бірқатар тыйымдар салынған. Мемлекеттік қызметкер ешқандай діни бірлестіктің мүшесі болмауы тиіс. Діни бірлестік құруына, қызметін қандай да бір діни бірлестіктің мүддесіне пайдалануына, қарамағындағыларды еркінен тыс діни ағымдарға, діни қызметтерге мәжбүрлемеу заң жобасында қарастырылған.Діни бірлестіктердің жұмысын бақылауға алу, жазалау орындарындағы діни ахуалды реттеп отыру, яғни сотталушылардың жат ағымдарға түсіп кетпеуін қадағалау туралы мәселелер қамтылған. Сонымен қатар шетелде діни білім алушыларға қатысты да арнайы баптар бар.Жобаның тағы бір баса мән бергені ­– «ниқаб» киюге байланысты. Көзінен өзге мүшесін түгел тұмшалап алатындарды ендігіде көшеде көрмейтін боласыз. Себебі ендігі жерде қоғамдық орындарда пәренже жамылып жүргендерге заң бойынша айыппұл салынады. Діни неке қию  заң жүзінде бекітілген құлшылық ететін орындарда ғана жүргізіледі.Сонымен қатар діни мекемелер мен бірлестіктердің ашықтық мәселелері де осы жоба аясында сөз болды. Бұдан былай әр мекеме қаржылық жағдайы бойынша есеп беріп, оны ақпарат құралдары арқылы жыл сайын жариялап отыруға міндеттеледі. Заң жобасын ұсынушының айтуы бойынша, бұл – біздің елде ғана емес, халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын заңнамалық талап.
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега