Қоғам

«TURGYNDAR AMANATY» қандай жоба?

Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Сондай-ақ оңтүстік астананы тұрғын үй қоры ең көп шоғырланған қала деуге де негіз бар. Қазір шаһарда 9,5 мыңнан аса көппәтерлі тұрғын үй бар.

Jasalash.kz

 Оның басым бөлігі өткен ғасырда салынған ескірген үйлер. Сарапшылардың айтуынша, олардың үштен екісінен астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның үстіне апатты жағдайға жақындаған, сейсмотұрақтылығы төмен ғимараттар да аз емес.

Жақында мегаполисте «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында ауқымды қалалық форум-семинар өтті. Жиынға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, мәслихат депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, сарапшылар, сондай-ақ МИБ, ПИК және басқарушы компаниялардың төрағалары қатысты.

Іс-шарада көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласындағы қордаланған мәселелер талқыланып, оны жүйелі түрде шешудің нақты тетіктері ұсынылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба мегаполистегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Ескі тұрғын үйлер елдегі өте күрделі мәселелердің бірі. Бұл жағдай тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Инженерлік желілердің тозуы, лифтілердің ескіруі, жылу мен су жүйелеріндегі ақау – қала тұрғындары жиі көтеретін мәселелер. Өткен бір жылда уәкілетті органдарға осы проблемаларға қатысты мыңдаған шағым түсіпті. Осының өзі бұл мәселенің кезек күттірмейтінін аңғартып отыр.

Осындай түйткілдерді шешу мақсатында қолға алынған «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғын үй басқарудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында бірқатар шара қарастырылған. Атап айтқанда, партия жанынан арнайы жобалық кеңсе құру, МИБ пен ПИК төрағаларын оқыту, күрделі жөндеу жұмыстарын қолдау, цифрлық шешімдерді енгізу және тұрғындардың басқару процесіне қатысуын кеңейту жоспарланып отыр.

Сарапшылар бұл бастама инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді деп сеніп отыр. Өйткені кейінгі жылдары тұрғын үйді басқару жүйесінде ашықтықтың жетіспеуі, қаржының тиімді жұмсалмауы секілді мәселелер жиі сынға ұшырап жүр.

Форумға қатысқан Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының маңызын ерекше атап өтті. «Бүгін қала тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін негізгі салалардың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселесін талқылап отырмыз. Алматыда еліміздегі ең ірі тұрғын үй қоры шоғырланған, ал мұндай ауқым ашық жүйені, нақты ережелерді және барлық тараптың жауапкершілігін талап етеді», – деді әкім.

Қала басшысының айтуынша, мегаполисте 2,5 мыңнан астам басқару субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде басқару жүйесін біріздендіру мен тиімділікті арттыру қажеттігін көрсетеді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, азаматтардың өтініші мен кері байланысы біздің атқарып жатқан жұмысымыздың негізгі басымдығы саналады. Осыған байланысты тұрғындар көтерген мәселелер кезең-кезеңімен қаралып, шешімін тауып келеді», – деді қала әкімі.

Ал «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев жобаның стратегиялық маңызына тоқталып, сөз сөйледі. «Біздің ортақ мақсатымыз – Алматы қаласының әрбір тұрғыны үшін қауіпсіз, қолайлы және сапалы баспана ортасын құру. Осыған байланысты, бүгін біз мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларының қатысуымен осы жобаны талқылап, алдағы бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарын айқындау үшін жиналып отырмыз. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері осындай форум семинарлар еліміздің 11 өңірінде өтіп, өз тиімділігін көрсетті. Осы тәжірибені ескере отырып, біз бұл жұмысты Алматы қаласында жалғастырып отырмыз», – деді ол.

Бұл жоба Алматымен шектелмей, еліміздің өзге өңірлерінде де жүзеге асып жатыр. Демек оны ұлттық деңгейдегі бастамаға айналып келе жатыр деуге негіз бар.

Сала мамандары тұрғын үйді басқаруда кәсіби кадрлардың тапшылығы мен білім деңгейінің әркелкілігі үлкен проблема екенін алға тартады. «Қазір энергия тиімділігі, инженерлік желілердің тозуы және ескі тұрғын үй қорын жаңғырту мәселелері – аса өзекті. Біз пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен және тұрғындармен жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, оқыту және кеңес беру бағытындағы іс-шараларды ұдайы ұйымдастырып келеміз. Басқару үдерісі кәсіби деңгейге көтеріліп, тұрғындардың өздері де шешім қабылдауға белсенді қатысуы маңызды», – дейді «Тұран» ПИК қауымдастығының төрайымы Бибігүл Жүнісбаева.

Жоба аясында цифрлық шешімдерді енгізуге де ерекше назар аударған жөн. Бұл тұрғындар мен басқарушы ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдетіп, қаржының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Мысалы, онлайн дауыс беру, есеп беру жүйелері, өтінімдерді цифрлық форматта қабылдау тұрғындардың сенімін арттыруға бағытталған тетіктер саналады.

Форум барысында мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындар мен басқарушы ұйым өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Бұл тәжірибе халықпен тікелей байланыс орнатудың тиімді жолы екенін көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, Алматыдағы «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жүйелі реформалардың бастамасы болып отыр. Жоба аясында ұсынылған шаралар толық іске асса, қаладағы тұрғын үй басқару жүйесі айтарлықтай жаңарып, тұрғындардың өмір сапасы жақсара түспек.

Қуан Өмірхан

Алматы қаласы

Сайт Әкімшілігі