Түркістан облысын тағы су басты (видео)
Түркістан облысының үш ауданында қатты жауған жаңбырдың салдарынан су тасқыны болып, тұрғын үйлерді су басты.
Осы күні кешкісін Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекеніндегі жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан. Оқиға орнына барған мамандар суды өзен арнасына бұрған. Тұрғындардың дені Ақбастау ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебіне эвакуацияланды. Аталған аудан әкімдігінің хабарлауынша, 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтылануда.Сонымен бірге қырдағы сай-салалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйге, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласына су кірген. Су айдағыш құрылғылар арқылы су ауладан шығарылуда. Орын алған жағдайлар бойынша келтірілген шығындары есептелуде.