Әлеумет

Түркістан облысында ауруханаға қажетті оттегі жабдығын сатып алу кезінде 117 млн теңге жымқырылған

Қазығұрт аудандық орталық ауруханасына медициналық жабдық алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты.

Фото: ашық дереккөзден

Қылмыстық схемаға медициналық мекеменің бұрынғы бас дәрігері мен кәсіпкер қатысқан.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тергеу барысында реанимация бөліміндегі науқастарды оттегімен қамтамасыз етуге арналған жүйені сатып алуға бөлінген ақшаның заңсыз игерілгенін анықтаған.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер медициналық кешенді бірнеше бөлек тауар ретінде көрсетіп, сатып алуды өздеріне бағынышты компаниялар арқылы ұйымдастырған. Жабдықтардың бағасы нарықтағы құнынан жоғары белгіленген. Ал іс жүзінде оны жеткізу және орнату жұмыстарын басқа ұйым атқарған.

Осы әрекеттер салдарынан мемлекетке 117 млн теңге көлемінде залал келген. Заңсыз жолмен алынған ақшаның бір бөлігіне жылжымайтын мүлік сатып алынып, туысының атына рәсімделген.

Сот шешімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, мемлекет кірісіне елордадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі