Әлеумет

Түркістан облысында суару машиналарын сатып алуға бөлінген 1,1 млрд теңге субсидия жымқырылған

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемдену дерегі анықталды.

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті осы іске байланысты тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті субсидия қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен бірнеше коммерциялық ұйымды бақылауына алған.

Атап айтқанда, "Агрохолдинг Туркестан" және "JMJ-Агро" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген. Ал лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы "АгроПромЛизинг" микроқаржы ұйымы көрсетілген. Бюджет қаражаты осы ұйымның арнайы шотына аударылған.

Алайда тергеу мәліметінше, 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген әрі орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелер толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер қамтылған қабылдау-тапсыру актілері жасалған.

Кейін бюджеттен бөлінген ақша күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған. Салдарынан мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келген.

Күдікті қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге деректері жария етілмейді.

Сайт Әкімшілігі