Қоғам

Түркістанда беташар жасаған тұрғынға айыппұл салынды

Коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде той-томалақ жасауға тыйым салынғаны белгілі.

Jasalash.kz
 

 Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те алқалы жиында өңірде мерекелік, спорттық, мәдени іс-шараларды сонымен бірге отбасылық тойлар мен қонақасы өткізуге тыйым салынғанын еске салып, бұл мәселеге  әкімдердің жауапты екендігін айтқан болатын. 

Осы тыйымдарға қарамастан той-томалақ өткізгендерді әкімшілік жауапқа тарту шаралары басталып кетті. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, кезекті рейд барысында Мақтаарал ауданы Жаңаауыл әкімшілігінде бір тұрғынның беташар тойын жасап, туыстарын жинағаны анықталған.-Қазақстан Республикасы президенті жарлығының талаптарын өрескел бұзған тұрғынның үстінен  Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 476-бабы “Төтенше жағдай режимiн бұзу“ бойынша хаттама түзілді.  Аудандық соттың қаулысымен оған айыппұл салынды,-делінген департаменттің таратқан ақпаратында. 

Түркістан облысы полицейлері ойын-сауық, сауда орталықтары мен кафе-бар, тойхана иелеріне төтенше жағдай кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, мүмкіндігінше көп адамның шоғырлануына жол бермеуді ескертуде.

Бақытжан ӘБДІРАШ

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега