Әлеумет

Түркиядан "атыраулық хакер" экстрадицияланды

Түркиядан халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық елге депортацияланды. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлады.

Фото: скриншот

ІІМ мәліметінше, ер адам бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінген. Ол Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Түркияның Самсун қаласында ұсталған.

Күдіктіні елге қайтару жұмыстарына Қазақстан ІІМ-нің Түркиядағы өкілі мен Қазақстан елшілігі атсалысқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2024 жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында күдікті ақпараттық жүйелер мен Instagram желісіндегі аккаунтты пайдаланып, Атырау қаласының екі тұрғынын алдап, олардың ақшасын иемденген.

Келтірілген жалпы шығын көлемі 3 миллион теңгеден асқан.

Қазақстанға жеткізілгеннен кейін күдікті ұсталып, Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ІІМ шетелде бой тасалап жүрген күдіктілерді анықтау және ұстау жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты биыл қаңтар айында күдіктіге қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Ал ақпан айында ол Түркияның Самсун қаласында қолға түскен.

Айта кетейік, бұл азамат әлеуметтік желілерде өзін «Атыраулық хакер» ретінде таныстырып, Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы ісіне қатысты жарияланымдары арқылы танымал болған. Сол кезде интернетте тараған видеоларда ол аталған оқиға бойынша өзінше зерттеу жүргізіп жатқанын айтып, түрлі геолокациялар, телефон байланыстары және басқа да мәліметтерді жариялаған.

Бұл видеолар Instagram желісінде кең тарап, қоғамда қызу талқыланған еді.

Күдікті бұған дейін Қазақстаннан тыс жерде жүргенін айтып, Дубайда тұратынын мәлімдеген болатын.

Сайт Әкімшілігі