Әлеумет

Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірім атыстан қаза тапты

Түркістан облысында 17 жастағы Төрехан Төреәлі қарулы шабуыл кезінде қаза тапқан.

Фото: ЖИ/Жас Алаш

Сот атысқа қатысқан үш адамды 18 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Алайда марқұмның туыстары шабуылға қатысы бар тағы бір күдіктінің әлі ұсталмағанын айтып отыр. Бұл туралы  Ulysmedia.kz жазды.

Оқиға былтыр қарашада Түлкібас станциясы маңында болған. Дәріханадан шыққан бір топ жасқа бетперде киген адамдар оқ атқан. Төрт адам жараланып, 17 жастағы Төрехан ауруханада көз жұмды.

Тергеу барысында шабуыл жасағандардың бұдан бір ай бұрын Сайрам ауданында болған төбелес үшін кек алуға келгені анықталған. Ал Төреханның сол жанжалға еш қатысы болмаған.

Сот төрағасы Дәурен Мадалиевтің сөзінше, бейнежазбада үш адамның үш қарудан бірнеше рет оқ атқаны және адамдарды нысанаға алғаны көрінеді.

Атысқа байланысты Самат Шоқанов, Шерхан Жақсыбай және Расул Тілеубердиев сотталып, 18–20 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыс туралы біліп, полицияға хабарламаған бірнеше адамға да 2–3 жыл жаза тағайындалған. Олардың бірі қылмысты ашуға көмектескені үшін сот залынан босатылды.

Қаза тапқан жасөспірімнің отбасы істің толық аяқталмағанын айтады. Олардың мәліметінше, қарулы шабуылға қатысуы мүмкін тағы бір күдікті бір жылға жуық уақыт өтсе де ұсталмаған. Туыстары оны тауып, жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Сайт Әкімшілігі