Түркістан облысында 4 баласымен бірге жоғалып кеткен келіншек табылды
Түркістанда жеті күн іздеуде болған анасы мен төрт бала табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының Отырар ауданында жергілікті тұрғын жұбайының төрт баласымен бірге жеті күн бұрын үйден шығып кетіп, хабар-ошарсыз жоғалғаны туралы полицияға арызданды. Аталған дерек бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Із-түзсіз жоғалып кеткен әйелдің жанында жастары 6, 5, 3 жас және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, автокөліктерді тексерді. Сонымен қатар көршілес өңірлерге арнайы бағдарламалар жолданып, іздестіру шаралары күшейтілді. Анасы мен балаларды аман-есен табуға бағытталған кешенді жедел іс-шаралар үздіксіз жүргізілді. Нәтижесінде іздеуде жүрген әйел төрт баласымен бірге таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Тексеру барысында әйелдің жұбайымен арада туындаған тұрмыстық келіспеушіліктен кейін ренжіп, балаларын және жеке құжаттарын алып, Шымкент қаласына кеткені белгілі болды. Онда ешкімге ескертпестен пәтер жалдап тұрғаны анықталды.
Қазіргі уақытта жақын туыстары шақырылып, полиция қызметкерлері тарапынан профилактикалық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде отбасы мүшелері өзара татуласып, үйлеріне аман-есен оралды.