Түркістан облысында 5 жасар баланы пойыз қағып кете жаздады
Түркістан облысында жолаушылар пойызының машинисі теміржол үстінде жүрген бес жасар баланы қағып кетудің алдын алды.
Оқиға 20 маусым күні Түркістан–Шиелі бағытындағы теміржол учаскесінде, Шорнақ станциясы маңында болған. Алматы–Саратов бағыты бойынша қатынайтын №7/8 жолаушылар пойызының локомотив бригадасы рельс үстінде жүрген кішкентай баланы байқап қалған.
Машинис шұғыл түрде тежегішті іске қосқан. Пойыз сағатына 70 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқанымен, дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.
Оқиға салдарынан пойыз қозғалысы небәрі төрт минутқа кешіккен.
Белгілі болғандай, теміржолдың бұл бөлігі қоршаумен жабдықталған. Ал бес жасар бала қауіпті аймақта ересектердің қарауынсыз жүрген.Теміржолшылардың кәсіби шеберлігі мен қырағылығының арқасында бүлдіршін аман қалды.
Осыған байланысты «Қазақстан темір жолы» ата-аналарды балаларды теміржол маңында қараусыз қалдырмауға және оларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруға шақырды.