Түркістан облысында депутат Ерғали Аманбаев қамауға алынды
Түркістан облысында шетелдік азаматшаға қатысты болуы мүмкін жыныстық сипаттағы қылмыс туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Істе Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың аты аталып отыр.
Бұл ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде тарады. Түркістан облысы полиция департаменті күдіктінің анықталып, қамауға алынғанын растады.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті – Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, полицияға Алматы қаласының тұрғыны жүгінген. Оның айтуынша, ол қорғасын-мырыш кенін өндіруге инвестиция салу мүмкіндігін қарастыру үшін келген төрт шетелдік азаматпен бірге Бәйжансай ауылына барған.
БАҚ мәліметінше, қонақтарды депутат Ерғали Аманбаев қарсы алып, бірге жүрген. Кейін ол 34 жастағы әйелді елсіз жерге апарып, оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түсті деген күдік бар.
Ерғали Аманбаев туралы не белгілі?
Ерғали Аманбаев – Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты. Мәслихаттың ресми дерегіне сәйкес, ол «Қарабатыр» ЖШС-нің басшысы.
Бұған дейін Аманбаев Шымкент қаласында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін де қоғам назарын аударған. Әлеуметтік желілерде Lexus көлігінің қарсы жолаққа шығып, қауіпті маневр жасаған видеосы тараған болатын.
Полиция көлікті депутаттың өзі басқарғанын анықтап, оны қарсы жолаққа шыққаны, жалған мемлекеттік нөмір қолданғаны, сақтандыру полисінің болмағаны және қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Кейін сот Аманбаевты төрт тәулікке әкімшілік қамауға алып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырған. Осы оқиғадан кейін Amanat партиясының аудандық филиалы оған сөгіс жариялады.
Алайда кейін аудандық мәслихат депутаттары жол қозғалысы ережесін бұзу депутаттық әдеп нормаларын бұзу болып саналмайды деген қорытындыға келіп, Аманбаевқа тек ескерту жасаған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз деп есептеледі.