Түркістан облысында мектеп мұғалімдері директорға шағымданды
Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы Төлеген Тәжібаев атындағы №67 мектептің мұғалімдері мектеп директорына қатысты шағымдарын жариялады.
Ұжым өкілдерінің айтуынша, білім ордасында түрлі қажеттіліктер сылтауымен мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналарынан бірнеше рет ақша жиналған. Сонымен қатар педагогтар басшылық тарапынан психологиялық қысым көргенін айтып, кейбір әрекеттерді қысым көрсету ретінде бағалаған.
Мұғалімдер бірқатар бұйрықтың тиісті мерзімінен кейін рәсімделуі мүмкін екенін де алға тартты. Олар өз сөздерін банк аударымдары, WhatsApp хаттарының скриншоттары, құжат көшірмелері және басқа да материалдармен растай алатынын мәлімдеді.
Мектеп ұжымы қаржылық жағдайға толық аудит жүргізіп, құжаттар мен бұйрықтардың заңдылығын, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын тексеруді сұрады.
Ал Түркістан облысының білім басқармасы мектептегі жағдайды зерделеу үшін Сарыағаш ауданына арнайы комиссия жібергенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, тексеру барысында барлық тараптың пікірі ескеріліп, тиісті құжаттар зерттеледі. Комиссия жұмысы аяқталған соң мектеп ұжымына ресми жауап берілмек.