Қоғам

Түркістан – жаңа келіссөз алаңы ма? Қазақстанның бітімгерлік миссиясы жалғасып жатыр

Қазақстан халықаралық саясатта көпвекторлы дипломатия ұстанымын жалғастырып келеді. Еліміз әлемнің барлық елімен тең құқылы қарым-қатынасты сақтай отырып, аймақтық қақтығыстарды шешуде және елдер арасында диалог орнатуда араағайын ретінде әрекет етіп жүр.

Фото: gov.kz

Кейінгі жылдары Қазақстан бірнеше үлкен кикілжің кезінде келіссөз алаңын ұсынды. Мысалы, 2024 жылы 7 мамырда Алматыда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері кездесіп, ұзақ жылдан шешімін таппаған Таулы Қарабақ мәселесін талқылағаны есімізде. Сол кезде Баку мен Ереван Астананың бейтарап ұстанымы мен ұсынған келіссөз алаңына жоғары баға берген болатын.

Дәл сол жылы Қырғызстан астанасы Бішкекте жергілікті жастар мен пәкістандық студенттер арасында қақтығыс болып, соңы халықаралық дауға ұласа жаздаған. Осы оқиғадан кейін Қырғыз республикасының сыртқы істер министрі мен Пәкістан ислам республикасының сыртқы істер министрі Астанада кездесіп, мәселені бейбіт шешуге келіскен болатын.

Қазақстан кейінгі жылдары халықаралық аренада экономикалық немесе саяси серіктес ретінде ғана емес, бейбітшілік пен диалогтың белсенді жақтаушысы ретінде танылып келеді. Мысалы, жақында еліміз Таяу Шығыстағы күрделі ахуалды реттеу үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

20 сәуір күні Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Израиль Мемлекетінің Елшісі Йоав Быстрицкиді қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағын талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді сөз етті. Әсіресе Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі назардан тыс қалмады.

Осы кездесуде Ермек Көшербаев еліміздің бейбіт келіссөз өткізу үшін Түркістан қаласын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Мұны символдық әрі стратегиялық тұрғыдан маңызды ұсыныс деп санауға болады. Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы, тарихи тұрғыда түрлі өркениеттің тоғысқан жері. Сондықтан оны диалог алаңы ретінде қарастыру Қазақстанның бейбітшілік философиясымен үйлеседі.

Қазақстанның бітімгерлік бағыттағы бастамалары жаңа құбылыс емес. Ел тәуелсіздік алғаннан бері халықаралық дауларды дипломатиялық жолмен шешуді қолдап келеді. Соның ішінде ең маңыздыларының бірі ретінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесін айтуға болады. Бірнеше жыл бойы Қазақстан астанасында өткен келіссөз алаңы түрлі тараптарды бір үстел басына жинап, қақтығысты реттеуге нақты үлес қосқан еді.

Сондай-ақ Қазақстан ядролық қарусыздану мәселесінде де жаһандық көшбасшылардың бірі ретінде танылды. Ел аумағында орналасқан Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім және ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған тарихи қадам болды. Бұл да Қазақстанның бейбітшілікке негізделген сыртқы саясатының айқын көрінісі.

Еліміз бұған дейін түрлі халықаралық кездесулер мен келіссөздерге алаң ұсынып келген. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері мен түрлі халықаралық саммиттер Қазақстанның диалог мәдениетін қалыптастырудағы рөлін айқындады.

Сарапшылардың пікірінше, Түркістанды келіссөз алаңы ретінде ұсыну – дипломатиялық қадам ғана емес, өңірлік тұрақтылықты тоқтатуға қосылған нақты үлес. Қазір Таяу Шығыстағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр, ал мұндай жағдайда бейтарап әрі сенімді алаңның болуы аса маңызды. Түркістанды бейбіт келіссөздер алаңы ретінде ұсынғанымыз еліміздің халықаралық аренадағы жауапты әрі конструктивті ойыншы екенін аңғартады. Егер бұл бастама жүзеге асса, Түркістан рухани орталық қана емес, жаһандық дипломатияның жаңа нүктесіне айналуы әбден мүмкін.

Еламан Өмірхан

Сайт Әкімшілігі