Қоғам

Түркістандағы жол апатынан бір отбасының бес қызы қаза тапты

Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылы маңында болған жантүршігерлік жол апатынан бес қыз қаза тапты.

Фото: әлеуметтік желіден

Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік бұрылысқа сыймай, жол жиегіндегі ағашқа қатты жылдамдықпен соғылған. Соққының күшті болғаны сонша, көлік екіге бөлініп кеткен.

Түркістан облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ведомствоның алдын ала мәліметіне сәйкес, жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, жол бойындағы ағашқа соқтығысқан.

Апат салдарынан бес жасөспірім қыз оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жасөспірім аман қалып, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

KTK телеарнасының мәліметінше, қаза тапқан қыздардың барлығы бір отбасының туыстары болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көлік тізгінінде биыл ғана мектеп бітірген түлек қыз отырған болуы мүмкін. Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі