Түрлі жобалар халықты кедейшіліктен құтқара ма?!
Қазір көптеген мемлекеттер халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында қилы жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Мәселен, өткенде Жапония үкіметі тіпті бақыт министрлігін құру туралы бастама көтерді. Бұл мемлекеттің басқарушы органдары осылайша халықты бақытты ету үшін жан-жақты ізденіп жатыр. Әрине, халықты бақытты қылуға министрлік құрып, міндеттей алмайсың. Бірақ мұндай министрліктер арқылы елдің әлеуметтік жағдайын жақсартудың алғышарттарын жасауға болады.
Қазақстан да көштен қалмай заманға сай қазақстандықтардың әл-ауқатын көтерудің тұрақты жобасын жасағалы біраз болды. Ұлттық экономика министрлігі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, энергетика, сауда және интеграция, экология министрлігі бірлесіп «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасын әзірлегелі біраз болды. Содан бері үкіметте бұл жобаның мақсаты мен маңызы жиі талқыға түседі.
Аталмыш ұлттық жобаның бірінші бағыты – шикізаттық емес секторларға инвестиция салуды дамыту. Экономиканы әртараптандыру. Бұл бағыттың маңыздылығы сонда ендігі кезекте отандық өндірісті дамытуға, шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға айрықша мән беріледі.
Экономист Дәурен Арынның байламынша, мұндай жобаларды дамыту уақыт талабы. Қазірде көршілес елдердің экономикасының жағдайы қиындап, әсіресе Ресей экономикасына қатысты түрлі болжамдар айтылып жатқан тұс. Рубль құнсызданып, оның артынан теңгенің де еріп, доллардың құны шарықтаған сәттер де болды. Осындай кезеңдерде бізді ұлттық өндіріс қана құтқаратынын бүгінде жақсы түсіндік.
– Сондықтан мұндай бағдарламалар экономиканы қолдау үшін қажет. Экономиканы әртараптандырып, шағын және орта бизнестің тынысын ашып, мемлекеттік қолдауды отандық өнім өндірушілер нақты сезінетін болса өркендейміз. Кез келген дағдарыстан бізді құтқаратын экономикалық тәуелсіздік. Ол дегеніңіз – елдегі отандық өнімнің үлесінің басым болуы, импортқа тәуелділіктен құтылу. Мұндай бағдарламалардың өміршең болуы маңызды, – дейді экономист сарапшы.
Сондай-ақ маманның пайымдауынша, қазіргі уақытта халықтың табысын арттыру үшін жоғары өнімді жұмыс орындарын құру да өзекті. Айта кету керек, бұл мәселе де аталмыш ұлттық жобада нақты көрсетілген. Жобаның екінші ұстанған бағыты да нақ осы халықты жұмыспен қамту. Жоғары жалақы беретін жұмыс орындарын ашу, ауылдық-аймақтарда шағын кластерлер құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жалпы, зауыт, фабрикалардағы еңбек өнімділігін арттыру осы екінші бағытта көрсетілген.
Сарапшы Дәурен Арын «бұл бағыт бойынша келешекте жұмыс берушілерге ұжымдық қатынасты нығайту жағын да қолға алған жөн» деседі. Мысалы, біз жоғарыда Жапонияның халықты бақытты етуге деген талпынысын мысал еттік. Дәурен Арын сол Жапонияда ұжымдық-өнідірістік басқару кезінде Z теориясы бар екенін мысал етті.
— Жапонияда қандайда бір өндіріс орындарында жұмысшылардың наразылығы болса, бірден ұжымдық талқылау болады. Жұмысшылардың арман-арызы, ұсынысы барлығы осы талқылауда ашық айтылып, жұмыс беруші одан бірден қорытынды шығарады. Оларда жұмыс беруші мен жұмыс істеушілердің арасындағы қарым-қатынас қатты дамыған. Жоғары жалақы беру, декреттік демалыстан шыққан анаға күніне сегіз сағаттық қана жұмыс істету. Арнайы үзіліс беріп, қызметтік көлік арқылы баласын үйіне барып тамақтандырып келуге де жағдай жасалған. Міне, біздегі жұмыс берушілер осы жағдайды ескерсе, осындай мәдениетті меңгерсе қанекей, – дейді сарапшы.
Бұдан бөлек, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобада үшінші бөлім әлемдік көмірсутекті тенденцияның дамуына қарай ойысу да бар. Бұл бөлік арқылы елдегі ЖЭС жұмысын жандандыру көзделген. Осы арқылы энергия алудың озық технологиясын меңгеру жоспарда бар. Бұлайша энергия өндірудің өзі бес бағыттан тұрады. Олар:
Индустриялық-инновациялық даму;
Мұнай-газ химия кешенін дамыту;
Геологиялық зерттеулерді дамыту;
Энергетикалық кешенді дамыту;
Шикізаттық емес экспортты ілгерілету.
«Индустриялық-инновациялық даму» бойынша бірінші бағытта екі негізгі міндет анықталды:
1) өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңарту;
2) өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту.
Міне, осы бағыттар арқылы болашақта кәсіпорындарға жаңа технологияларды сатып алу мен енгізуге, жабдықты орнатуға және іске қосуға, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықты сатып алуға және несиелік шарттарды жақсартуға, оның ішінде лизингке өтемақы төлеу бойынша кешенді шаралар әзірленетін болады.
Осылайша 2025 жылға қарай цифрлық технлогияларды қолданатын өңдеу өнеркәсібінің үлесін 23 пайызға жеткізу жоспарда бар. Ал «Өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту» міндеті шеңберінде 418 индустриялық жобаны іске асыру жоспарлануда.Бұл жоба бойынша негізгі капиталға 11 трлн теңгеден астам инвестиция тартылады. Экспорттың көлемі 24 млрд долларға дейін артады деп жоспарлануда.
«Мұнай-газ химия кешенін дамыту» бағыты бойынша сыртқы сұранысты қанағаттандыру үшін ірі жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы өндірістері енгізілетін болады.
2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауытын пайдалануға беру.
1) полипропилен өндірісі;
2) бензин мен полипропиленге арналған қоспалар өндірісі;
3) метанол өндірісі;
4) полиэтилентерефталат өндірісі;
5) Қашаған кен орнының шикізатына негізделген газ өңдеу зауыты.
Геологиялық барлау саласын дамыту инвестициялық тартымдылықты арттыруға және геологиялық материалдарды сақтау мен өңдеу бойынша қазіргі заманғы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Төртінші бағыт экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында энергетикалық кешенді жаңартуды көздейді.
2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту есебінен 5 404 МВт қосымша қуаттарды, оның ішінде 2 400 МВт ЖЭК қуаттарын, 1 400 МВт бу – газ қондырғыларын және 1 604 МВт іске қосу жоспарлануда.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары арасында екінші тізбекті (220 кВ) салу жоспарлануда.
«Шикізаттық емес экспортты ілгерілету» бағыты бойынша шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд долларға жеткізу міндеті шешілетін болады.
Ол үшін экспортты жеделдету бағдарламасын әзірлеу жалғасатын болады. Ол жаңа мәдениетті дамытуға және бұрыннан бар экспорттаушылардың құзыреттілігін арттыруға бағытталған.
1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы қамтамасыз етілетін болады.
Келесі шаралар арқылы қолдау көрсетіледі:
– экспортқа дейінгі және экспорттық қаржыландыру;
– сақтандыру, айналым қаражатын толықтыруға қаржыландыру;
– экспорттаушылардың шығындарын өтеу (бөлшек сауда сөрелері мен сауда алаңдарын жалға алу, шетелдік сертификаттаудан өту, аккредиттеу, тексерулер, тауарларды шетелде жарнамалау, шетелдік көрмелерге, форумдарға, жәрмеңкелерге, конкурстарға қатысу);
– экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеу.
Нәтижесінде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 14-тен 29 млрд долларға дейін артады. Қызметтер экспорты 2,4 есе өседі (5-тен 12 млрд долларға дейін).
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылы мынадай нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізіледі:
– 102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары;
– еңбек өнімділігінің 20%-дан астамға өсуі;
– өндірілетін тауарлар өндірісінің көлемін 1,5 есе ұлғайту.
– шикізаттық емес экспортты 41 млрд долларға дейін ұлғайту.
— ЖЭК алынатын электр энергиясының үлесі жалпы өндіріс көлемінің 6% құрайтын болады.
Ұлттық жоба жалпыұлттық басымдықтарды және елді дамытудың 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарын іске асыру үшін қалыптастырылды және 2025 жылға қарай орнықты экономикалық өсуді кемінде5 пайыз деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған.