Кейіпкер

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. АҚПЕРЕН (Ғафу Қайырбеков туралы сыр)

Пәниден бақиға көшкен әрбір пенде о дүниеге өзімен бірге жалғанның бір үзік сәулесін қоса ала кетеді. Сол бір үзік сәуле – пенденің жүрегіне ұялаған жылы демді суытпай, тірілердің де көңіліне ыстық табын қалдырады. Жаныңды жылытып, кеудеңе ыстық табын қалдырып, жүрегіңе тікелей жалғасқан сондай бір талмалы тамыр күн сайын үзіліп түседі. Сөйтіп, күн сайын бір асылыңды жоғалтып жатасың.

Фото: ЖИ арқылы өңделді

Міне, қазақ өлеңінің аспанын найзағай боп күркіретіп, Қасымның дауылының екпіні мен жай оғын ойнатып, арындата дауыстап:

Сейтжан аға,

Мін шанаға,

Насыбайды

Атып алып көңілден.

Нағашым-ау,

Нақ осынау,

Екпініңмен

Ағасың-ау өмірден, –

деп гүрілдетіп те, дүрілдетіп те жүріп, қайран Ғафакең де – ақын Ғафу Қайырбеков те дүниеден ағып өтті.

Ақын Ғафу Қайырбековпен бірге қазақ өлеңінің қара шаңырағын көтерген қара емен діңгегі сынды. Қасым мен Сырбайдың рухының жиынтығындай боп жүрген, өзі айтқандай, «қазақ өлеңінің ендігі көшін бастап қалған» ақын Ғафудың поэзиядағы орнын енді ешкім де толтыра алмайды.

Жарыққа іңкәр ақынның жаны да сондай аппақ әрі мейірлі еді. Кілт тітіркене қалып, жанарын жарқ еткізіп, көз аясын ұшқынға толтырып, сілкініп ап әр сөзін ұйқасқа құрап, қолын бір сермеп қойып екпіндете жөнелгенде, өмірдің өзін де, көңілдің көзін де өлеңге айналдырып жіберетін. Өмірді – өлең, өлеңді – өмір деп түсінетін ақын, еш қысылып-қымтырылмастан, қасыңнан өтіп бара жатқанда сәлеміңді сондай жайдары да жайбарақат күйде алып, қолын ұсына беріп, сәл езу тарта қырғи дауысымен:

Осы сен – Тұрсынбысың, Жүрсінбісің,

Екеуің де – етістік, бір сындысың, –

деп, есіміңді етістік пен есімдікке, оның ішінде сын есімге айналдырып, емеуріндетіп өте шығатын.

«Етістігі» түсінікті, «бір сындысың» дегені – екеуміздің де сын жазатынымызды, менің сын бөлімінде істейтінімді қоса қабаттап, тұспалдап жеткізгені. Ал осы екі жолды Жүрсін екеумізді қатар көрген сәтте және біз сәлем беру үшін үш адым жерді басып үлгергенше Ғафакең де ұйқастырып үлгерді. Өлеңнің ақиық ақперені деген осындай-ақ болар, сірә. Ал Ғафакеңнің бұдан әлдеқайда тапқыр, өжет, өтімді де ұтымды суырыпсалма шумақтары қаншама десеңші!

Қашанда жалғанның жарығы мен жақсылығына ұмтылған аңғал да абзал Ғафакеңнің соңғы ант мезгілі сәтінде де мынау фәни-жалғанның дидары ойына өлеңнің ұйқасы боп оралыпты. Таңғы сегізде аяулы Бәдеш тәтемізге: – «Түн түріліп, таң атып, күн шықты ма?» – депті. «Иә, күн шықты», – дегенде: «Солай ма? Жақсы болды ғой, жарықта жан тапсырғаным», – депті де, күннің күміс қоңырауы соңғы рет сыңғыр еткенде:

Қоңырау күмбір… күм-бір…

… күн бір… бір… бір, –

деп барып үзіліп кетіпті.

Сөйтіп, «Кәлиманың» орнына» тілінің ұшына: «Күн бір… бір… бір», – деген қоштасу ұйқасы оралыпты. Демек, Ғафакең – жалғаннан бақиға өзінің жаназасын өзі өлеңмен шығарып барып аттанған ақын. Міне, «Ақперен», «ақ пері», өлеңнің ақперені – дегеніміз де осы.

Ғафу Қайырбековпен бірге қазақ сөзінің қаратілді соңғы шешендерінің бірі көз жұмды. Сөзден табан астында дауыл тұрғызып, найзағай ойнатып, жарқылдатып алып, іле дүниені мамыражай, жайма-шуақ күнге айналдырып, жадыратып жіберетін қазақ сөзінің киелі иесі кетті дүниеден.

Үлкенмен – үлкен, құрдаспен – құрдас, кішімен – кіші болып, қара өлеңнің киелі қара шекпенін жамылып, бірде күркіреп, бірде күлдіріп, бір қап жарманың ішінен бір тал дәнді көрсе арқаланып, қуанып, өзіңді өзіңнен де жоғары қоятын қазақтың қара сөзінің ұстазы кетті дүниеден.

Мұны, «Өлеңнен енші аламын» деп жүрген есер шақтағы шәкірт, он екі жыл бір ұжымда кіші әріптес боп, қолтығының астында жүрген мен сияқты түбіт мұрттар ғана емес, аға ұрпақтың өздері де мойындап, ақындық ұшқырлығына таңдай қағумен өтті. Әлі есімде, жетпісінші жылдың ортасына ала жас жазушылардың республикалық кеңесі өтті. Менің өлеңдерім Ғафакең басқарған секцияға талдауға ұсынылыпты. Мен әкемнің құрметіне арналған «Насыбайшы» атты өлеңімді оқыдым. Талдады. Исрайыл: Саптаяқты қабірге денемен бірге көму – исламға жат. Ол – көне сақ дәуіріндегі тәңіриялық салттың қалдығы, – деді. Сонда Ғафакеңнің: «Өлеңнің азығы – сөз. Бір сөзді тірілту үшін бір өлең жазуға болады және соған толық татиды. Мысалы, елуінші жылдардың аяғында, феодализмнің дәмі болып табылатын бауырсақ сөзін тірілту үшін «Бауырсақ» деген өлең жаздым. «Жұлдызға» жүрексіне отырып басты. Іле сахналардан оқыла бастады. Кейін әр ақынның жинағында кемінде бір-екі рет бауырсақтың аты аталатын болды. Сөйтіп, «бауырсақ» деген Сөз тірілді, сөзбен бірге дәстүр тірілді. Демек, менің «Бауырсағым» – өз міндетін орындады. Ал Тұрсынның «Насыбайы» – шалдың шақшасын тірілтті. Бәріміз де ата көрдік. Ал шақшасыз шал болмайды», – деп әзіл араластыра, тәп-тәуір жасып қалған менің көңілімді аулап еді. Кейін, қорытынды мәжілісте желпи отырып, желдіртіп атап өтіпті. «Жұлдызға» қызметке орналасқан кезімде де: «Менің батамды алған жігіт жаман болмайды», – деп қолпаштай қолдағаны есімде. «Ағаның жылы алақаны», «бауырына тартты» дегені – осы.

Ғафакеңнің өзі де әке мен атаның мейіріне қанбай өскен жетімкөңіл. Бар мейірім-қайырымды анасынан көрген. Бәдеш апайымызбен Торғай мен Алматының арасына үш тәулік жүретін жолаушылар пойызында танысқан Ғафакең, барлық отырыстарда тәтемізбен қосылып, «Ана туралы әнді» жоғары дауыспен көзі жасаурай отырып айтушы еді: «Жасаураған көзімді жасықтыққа санамаңдар. Анам дүниеден озған қамкөңіл кезім еді. Сол кезде Шәмші келіп: Ана туралы әнге сөз жазып беруіңізді өтіне келдім. Сіздің де анаңыз жуырда қайтыс болыпты. Әріптес ақындар сізге жіберді. Қос мұңлық анамызға бір ескерткіш қалдырайық», – деді мұңайып. Әннің әуенін сіңіріп алдым да, үйге бармастан, жұмыста отырып, анамның ұмытыла қоймаған жан жылуын жыламсырай есіме ала отырып, таң атқанша сөзін дайын етіп ем. Айтқан сайын, сол көңіл күй ойыма оралады. Кешіріңдер, жасығаныма, – дейтін марқұм.

Ғафакеңнің ақперен ақынға тән ақжарма, тез шешім қабылдап, тез шамырқанып, тез жадырайтын мінезі, сырын білмеген адам үшін тәп-тәуір реніш пен түсініспес тік тудыратын. Жаңа ғана есігінен түнеріп шыққан адаммен, дәлізде кездескенде: «Аттың басын бір жіберіп алдық, ә. Жүр, кеттік», – деп жарқылдап сөйлесіп, «Қаламгерге» өзі бастай жөнелетін. Бірде, бас редакторымыз демалысқа кеткенде, бәрімізді жиып ап: «Орынбасар – ойын емес, Жұлып тастайтын мойын емес». Бар жауапкершілік менің мойнымда қалды. Қазақтың жалғыз «Жұлдызын» құлатып алмайық. Бізге 220 мың оқырман қарап отыр», – деп біраз шамырқанып алатын. Оған бойымыз әбден үйреніп алған. Оралхан, Кәрібай, Ахат, Софы сынды сырттандар сыр білдірмейді, шикілік, Жарасқан, Шөмішбай, Серік, Тұрсындардан шығады. Бір етте, іздеген кезінде Жарасқан орнында болмай қалды. Бұйрықты жазып, жұмыстан шығарып жіберді (бір сағатқа). Софыекең барып райынан қайтарды. Сағат екіден кейін де Жарасқан келе қоймады. Қайтадан бұйрық шығарды. Енді, хатшы қызға бухгалтерияға апаруды тапсырды. Шөмішбай мен Серік екеуі бетін қайырды. Сағат төртте де Жарасқан келмеді. Ғафакең дереу бұйрық шығарып, Ботаны бухгалтерияға жіберді. Мен де ілесе барып, ақын-жазушыларды жақсы білетін Зоя Алексеевнаға жолығып, бұйрықты тіркетпей, ертеңге қалдыруды өтіндім. Келісті. Ертеңінде Жарасқан да келді. Ғафакеңе бірге бардық: «Өй, Жарас, қайда жүрсің? Бұйрық шығып кетті. Қап, Нәзкеннен ұят болды-ау», – деді. Ақырын ғана: – Ғафаке, Зоя Алексеевнамен жаңа сөйлестім. Бұйрық – бухгалтерияға әлі түспепті», – дегенімде: «Е, жақсы болды ғой. Бір ұяттан қалдық. Ал, Жарасқан, бұл саған соңғы ескерту. Айттым ғой, Орынбасар – ойын емес, Жұлып тастайтын мойын емес», – деп жайдары қалпына түсті.

«Қилы заман» оқиғасындағы архив деректерімен танысып, «бұратаналарды, сескендіріп», жанын түршіктіріп, «Әскерлерге үлгi көрсететiн серуен» ретiнде, тым құрығанда бiр болыстың жүздеген адамын бірден қырып жiберуге бұйрық» беріп, ол бұйрықтың дереу жүзеге асырылып, «Ақсуда тұтқынға түскен 500 қазақ, қырғыздың таспен ұрып өлтiрілгені», «Қалғандарын…кешке жақын кинематографтың музыка ырғағына билеп жүрiп әкiмшiлiктiң көзiнше өлiмшi еткені», Фон Берг деген есауылдың: бір сайда тығылып отырған ұл-қызы аралас балаларды қылышпен турап өткені» туралы рапорттардың мазмұнын «Қилы заманда» салыстыра талдап, тура желтоқсан оқиғасына бір жарым ай қалғанда «23.Х – 25.ХІ. 1986 жыл. Алматыдағы «Қаламгерлердің» шығармашылық үйінде нүктесін қойдым. Сияның табы суымай желтоқсан оқиғасы басталып кетті. Әрине, онсыз да ұстараның жүзіндей қылпып тұрған жанкешті шығарманың енді жариялануының қиын болатыны анық еді. «Жұлдызға» ұсынған нұсқасын оқып шыққан бас редактордың орынбасары Ғафакең – Ғафу Қайырбеков: «Тұрсын-ай, көз алдымнан домалаған бастар мен аққан қан кетпей қойды ғой. Анау, есауылдың қылышы қиып өткенде, мойнынан ұшып түспей, орнында қалаған баланың басы – қазақтың кесілген басы ғой. Қанша күйінгеніммен, басуға қол қоя алмайтынымды қорланып тұрып айтамын саған! Менің де басым домалап ұшып кетпесін десең, мені түсін, Бекең де (Бас редактор Бекежан Тілегенов) тәуекел ете алмайды. Тағы кім оқыды... Олжас таныс дейсің бе? Оған да шүкір, бірақ әй қайдам... Дегенмен Одақтың бірінші хатшысы ғой, көрерсің. Жолы ауыр шығарма. Бірақ сен парызыңды орындапсың», – деді күрсініп. Екінші рет, 1988 жылы 24 сәуірде Жоғарғы сотта Алаш қайраткерлерінің ақталғаны туралы Сот анықтамасы шықты. Қуанышыңды сеніп айтатын адамның табылмағаны қиын екен. Әйтеуір, Ғафакең орнында екен: Әдеби кеңесші ретінде 14 Алаш қайраткерінің, соның ішінде Ақаң мен Жақаңның да бар екенін айтып ем: – Рас па? Тілеуіңді тілеп жүр ем. Қазақ дұрыс жолға енді түседі. Келші, бір иіскейін, – деп атып тұрып бауырына басты. Бауырына басты да:

Қинамайды – атқаны,

Қинамайды түрмесіне жапқаны.

Қинайды тек өз итімнің,

Балағымнан қапқаны, – деп айтып еді Ақаң. Аз қапқан жоқ. «Ақкөлге, ауылына сені алып барамын. Елден сүйінші сұраймын», – деді.

Бірақ елін көрсете алмады. Кеңшілік, Серік, Серікбай, Шөмішбайдан кезек жетпей қалды. Онысы, дұрыс та. Өйткені Ғафакеңмен сапарлас болып, жүгін көтеріп, тілін табуға келгенде, бұл төртеуінен асатын ешкім жоқ еді.

Шіркін, әр күні, әр ісі, әр сапары аңызға толы ақперен Ғафакем-ай! Ол кісі сыртқа болсын, ел ішінде болсын, іссапарға шыққан сайын артына будақ-будақ шаң тастаған жүйрік сияқты, Ғафакеңнің соңынан шумақ-шумақ өлең ілесе келетін. Қай сапарға кіммен бірге барды, сол адамды жағалап, Ғафакеңнің оқыстан суырып салып шығарған қақпақылдарын тыңдайтынбыз. Әсіресе алпысыншы жылдардағы тапқыр сөздерін Мұз-ағаң – Мұзафар Әлімбаев жыр ғып айтушы еді: – Жазушылардың арасындағы қилы-қилы, қисынды-қисынсыз хикаяттарымен аты шыққан алпысыншы жылдардың орта тұсындағы қазақ әдебиетінің Түркіменстандағы күндерінде көлеңкенің өзінде қырық градустан, ал күн көзінде елуден асқан шілденің шыжғырмасына тап болдық. Қас қылғандай сол күндердегі кездесудің барлығы қырманның басындағы ашық аспанда өтті. Жер басып тұра алмаймыз. Судың өзі қат. Оның үстіне түннен қалған шөл бар. Кезекті қырман басына келгенде, Ғафу ештеңеге қарамастан қырманның қоймасына асыға адымдап барады екен. Біз де ұмтылдық. Бір-біріне қаттасқан қалың жәшік. Бір уақытта түптен түтігіп, Ғафу шығып келе жатыр екен. Не бар екен, сусын бар ма екен?, – деп жамыра сұрастық. Сөйтсек, сусыннан әбден күдер үзген Ғафу: Өй, сол, не болушы еді.

Иір-иір коридор,

Іші толған помидор.

Қара суға қат қылған,

Қалай осы жариды ел, –

деп қолын бір сілтеп, көлікке беттеді.

Миды қайнатқан күннің ыстығы анау, табанды құм қуырып барады. Өзі қапырықпен қоса қапырығы шығып тұр. Соның өзінде ойланбай, өлеңмен жауап беріп тұр. Бәріміз таңғалдық. Істің жөнін аңғарған Берді Кербабаев марқұм салқын көлеңкелі жерге апарып, жан шақырдық-ау, Ғафудың арқасында. Қысылған жерде ойланбай айтқан бір шумақпен мұқым елді аптаптан құтқарды. Екінші бір қисынын тауып, қыжалаттан шығарған жағдай Якутияда болды. Одақтың бірінші хатшысы Әди Шәріпов Ғафуды қосшылыққа алып барады. Әдекең үкімет басқарып, ресми дастарқанға әбден үйреніп алған кезі. Диета сақтайды. Содан, таңертең де, түсте де, кешке де мәзірді қолына ала салып: «суп, тіске жұмсақ бифштекс», – деп тапсырыс береді. Ет пен сорпаға, ащыға үйренген адамға бұл – аштықпен тең ғой. Ғафу амалсыз талғажау қылады. Содан, қайтардың алдында Әдекеңнің есіне әдеп түсіп: – Сендер не аласыңдар? – дегенде, әбден зықысы шыққан Ғафу: – Не алатыны бар?

Таңдайтынымыз екі-үш текст,

Жейтініміз – бифштекс, –

депті жұлып алғандай.

Сөздің астарын түсіне қойған Әдекең: – Ойбу, мен сендерге обал жасап жүр екем ғой. Кешіріңдер, айналайындар, – деп Ғафудан ғафу өтініп, айыбын өтепті.

Енді, «Жұлдызда», «Жұлдыздың» жұлдыздарының» (Ғафакеңнің тәмсілі) бірі боп жүрген тұстағы өзім өз аузынан естіген бір-екі шумақтың шығу тарихына тоқталайын. Ол – «Жұлдыздың» расында да жұлдыз боп жарқырап, тиражы 220-240 мың дана боп тұрған дүлдүл шағы. Күз айларында барлық қызметкерлер жазылым жайымен елге іссапарға шығады. Мұндайда әркім өзінің сөзі өтетін аймаққа аттанады. Жетпісінші жылдардың ортасын ала Ғафакең Кәкімбек Салықов бірінші хатшы боп істейтін Жезқазғанға барады. Содан, әйгілі Ұлытауға бет алады. Көлік оқтай зулап келеді. Өздері көңілді. Бір сәтте алдарынан жер-көкті қайыстырған киіктер шығып, көлікпен жарыса зулайды. Кәкең: – Ғафаке, мынаған не дейсіз? Сізге құрмет көрсетіп келе жатқан жоқ па? – деді. Осы кезде жалт қарап...

Деме мұны асылық,

Сенбесеңіз қараңыз.

Ұлытауға асығып,

Киік жегіп барамыз, –

депті маңғазың.

Қандай оқы теңеу, шебер шендестіру! Ойланып отырып жазғанда да ойыңа түсе бермейтін тірі сурет. Кейін мұны толықтырып, өлең етіп жазды. Тапқырлық па? Тапқырлық. Өлең бе? Нағыз төрт тұяғы тең түскен өлең. Адамға бір жалт қараған сәтте ғана ойына оралған шедевр.

Келесі жылдардың бірінде Ғафакең Орал өңіріне, бір ауданның бірінші хатшысы боп істейтін Егізбаев деген дос жаранының еліне іссапарға барды. Ғафакең барғанша ол кісі облыстың бірінші хатшылығына жоғарылап кетіпті. Бірақ Ғафакеңді қарсы алу үшін ертеңінде облыстан арнайы келіп, ен даладағы оңаша бір көлге қонақ етіп, үйрек-қаз атуға жолға шығады. Иен дала. Көлік зулап келеді. Күн шынжу. Ғафакеңнің ерні кеберзи бастайды. Қалғып кетіп көзін ашса, көліктің артқы терезесінен тікұшақты көреді. Тағы қалғып кетіп, тағы көзін ашса – әлгі тікұшақ тағы да машинаның артқы терезесінің тұсынан көрінеді. Үшінші рет қарағанда, мұның облыс хатшысына тиесілі тікұшақ екенін, оның тегін ілесіп келе жатқанын түсіне қойған Ғафакең:

Жігіттің домаласа өрге тасы,

Самолеттан озады машинасы, – депті.

Емеурінді түсіне қойған отағасы көлікті тоқтата сап, аспандағы тікұшақты кәстөмін былғап жүріп қондырып, дастарқан жайыпты. Содан көлдің басына келіп, көгалға кілем жайып, жайласып-жадырасып отырып, көлдегі үйректерге көзі түседі. Отағасы: – Ғафаке, сізді мерген деп естідім ғой. Сол үшін көлге алып келдім. Міне, мылтық. Міне, мылтық. Міне, мылтық, – деп түзу мылтық ұсынады. Ғафакең: – Дұрыс айтасың, мен мергенмін, нақ мергеннің өзімін. Бірақ үйрек атпаймын, – дейді. Қоярда қоймай жүріп Ғафакеңнің қолына мылтық береді. Ғафакең ұңғысын туралап, қарауылға да қарамай, шүріппені басып қалады. Бір-екі үйрек жалп ете қалады. Екі-үш үйрек көтеріле беріп қайта қонады. – Ой, Ғафаке, шын мерген екенсіз. Үйірімен үш тоғыз. Қане, жуып жіберейік, – десіп қауқаулайды. Тағы да мылтық ұсынады. Оқтың тимегені өзіне мәлім Ғафакең, мылтықты ала салып аспанға қарата атып кеп жіберіп:

Мергеннің кез болса егер дүрегейі,

Үйректің жусап қалар шүрегейі, –

депті бастырмалата.

Істің мәнісін біле қойған отағасы: – Тоқтаңдар, тоқтаңдар! – дегенше тағы да бір-екі үйрек жалп ете қалады. Сөйтсе, бес-алты үйректі торға түсіріп ұстап, аяқтарын байлап, аяқбауын сүңгуірлер су астында ұстап отырыпты, бір мерген қамыс арасынан үйректі атып түсіріп тұрыпты. Ғафакең соны сезе қойып, әдейі мылтығын аспанға атқан екен. Содан кейін: – Мерген екенім – мергенмін. Бірақ аң ататын мерген емес, сүйегім мерген, – деп мән-жайды түсіндіріпті. Отағасы әбестігіне кешірім өтініп, мәре-сәре боп, аудан орталығына қайтыпты.

Қайран Ғафакең – қара сөздің ақмылтық мергені, ақперені! Ғафакең бауыр басып өткен өмірдің, кешкен күндердің, сыйласқан сәттердің өзі – бір ғұмырдың жұбанышына татитын тәбәрік екен-ау десеңші!.. Иә, қазақтың сөзінің Абайдан соң да тізгін ұстарлары туды. Бірақ Ғафакеңнің бақилыққа көшуімен бірге сол ұлы сөздің бір тіркесі, тек Ғафу-зергер орнын тауып қолданатын бір сөзі жетім қалғаны анық.

Қазақ сөзіне ақын Ғафудың, шешен Ғафудың, азамат Ғафудың, аға Ғафудың, пенде Ғафудың бір сөзі жетпей тұрады.

Бұл – ақиқат.

Жаның жаннатта болсын, жарыққа құмар жан аға.

Сайт Әкімшілігі