Қоғам

ҰБТ-ның алғашқы аптасында ереже бұзған 46 талапкер емтиханға кіргізілмеді

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы аптасында 86 талапкердің нәтижесі жойылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Фото: zhaslash.kz

Ведомство мәліметінше, осы уақытқа дейін тестілеуге 41 мыңнан астам талапкер қатысқан. Олардың басым бөлігі емтиханды қазақ тілінде тапсырса, бір бөлігі орыс тілін таңдаған. Сондай-ақ 100-ден астам адам тестілеуді ағылшын тілінде тапсырған.

Алғашқы аптаның қорытындысы бойынша қатысушылардың 57 пайызы шекті балды жинай алған. Орташа нәтиже 58 балды көрсетіп тұр. Ең жоғары көрсеткіш – 138 балл. Тестілеу ережесін бұзғаны үшін 46 талапкер емтиханға кіргізілмеді. Олардың жанынан смартфон, микроқұлаққап, смарт-көзілдірік, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттар табылған.

Тағы 40 адам тестілеу барысында ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

Министрлік ҰБТ аяқталғаннан кейін бейнежазбалар 31 қазанға дейін тексерілетінін еске салды. Егер мамандар тыйым салынған құрылғыларды пайдалану немесе өзге де заңбұзушылықтарды анықтаса, талапкерлердің нәтижелері емтихан тапсырғаннан кейін де күшін жоюы мүмкін.

Сайт Әкімшілігі