Саясат

Үкімет 2027 жылы 30,2 трлн теңге жұмсауды жоспарлап отыр

14 қазанда Қаржы министрі Мәди Тәкиев алдағы үш жылға арналған бюджеттің негізгі көрсеткіштерін таныстырды.

Фото: ашық дереккөзден

 Жоспар бойынша, 2027 жылы бюджет кірісі 25,4 трлн теңге, шығысы 30,2 трлн теңге болады. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені құрайды.

Әлеуметтік салаға 10,5 трлн теңге, ал өңірлерді қолдауға 7,4 трлн теңге бөлінбек. Әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға 6,9 трлн теңге, денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге қарастырылған. Сонымен қатар 76 мың педагогтің біліктілігін арттыру және ғылымдағы жаңа жобаларға 60,4 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге бағытталады. Қаражат көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық жобаларға жұмсалады.

Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде 31 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, 13 миллион адамның өмір сүру сапасын жақсарту көзделген.

Қауіпсіздікке, мемлекеттік басқаруға және резервтерге жалпы 4,9 трлн теңге қарастырылған. Оның 3,3 трлн теңгесі күштік құрылымдарға, 787 млрд теңгесі мемлекеттік басқаруға бөлінеді.

Сайт Әкімшілігі