Үкімет – балпаң, халық – жалтаң: Ең төменгі жалақы неге өспей қалды?
Өткен аптада ғана «ел экономикасын 2029 жылға қарай тағы 5 пайызға өсіреміз. Бюджет тапшылығын қазіргі 2,5 пайыздан 0,4 пайызға дейін түсіреміз» деп сүйіншілеткен Үкімет алдағы үш жыл аралығында ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) өсірмейтін болды.
2027 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлемдер мен есептік көрсеткіштердің мөлшері өседі. Бұған қатысты Қаржы министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын әзірледі. Жобаға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға өседі. Сонымен қатар айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі де артып, қазіргі 4 325 теңгеден4 693 теңгеге өседі және бірқатар әлеуметтік төлемдер артады. Ал ең төменгі жалақы сол күйінше өзгермей, 85 мың теңге болып қала бермек.
Вице-министр не деп еді?
Еске салсақ, биыл сәуір айында үкімет қабырғасында ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ЕТЖ-ны қазіргі 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге көтеру жоспарда бар екенін айтқан. Вице-министр сол кезде бұл бастаманың халық табысын арттыруға арналған кешенді бағдарлама аясында қарастырылып жатқанын, халықаралық тәжірибеде ең төменгі жалақы көбіне медианалық жалақының 50 пайызына тең болатынын, Қазақстандағы медианалық жалақы шамамен 302 мың теңге деңгейінде өскенін, осыған сәйкес ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу негізгі міндеттердің бірі екенін мәлімдеген.
Рас, вице-министр мәселе кешенді әрі күрделі болғандықтан, жүзеге асу мерзімін нақтыламаған. Алайда бірінші вице-министр осылай дегеннен кейін ЕТЖ-ның өсуіне қатысты жағымды хабарды күтіп, елдің құлағы түрік жүрген. Енді, міне, бюджетті қаржы министрі «ЕТЖ алдағы үш жылда өспейді» деп отыр.
Негізінде, біздегі ең төменгі жалақыға қатысты деректерге 2024 жылы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) өзі назар аударған. Сол ұйымның деректеріне сәйкес, Қазақстан ең төменгі жалақы көлемі бойынша 77-орында болған. Бұл көрсеткіш елдің Африка мен Азиядағы табысы төмен мемлекеттермен бір деңгейде тұрғанын көрсетеді. Ал рейтинг көшін Швейцария бастап тұр. Онда 41 сағаттық жұмыс аптасы үшін ең төменгі жалақы айына шамамен 4,2 мың АҚШ долларына тең. Үздік бестікте Аустралия, Люксембург және Ұлыбритания сияқты елдер бар. Қазақстанмен көршілес Ресей, Беларусь және Арменияда да ең төменгі жалақы біздегіден жоғары. Бұл елдерде оның көлемі шамамен 153-213 доллар аралығында.
Міне, осындай деректерді де алға тартатын салалық мамандар келер жылдан бастап «Үкімет ЕТЖ-ны өсіруі керек» дегенді айтады.
Алайда «Аналатик» талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Марал ТӨРТЕНОВАНЫҢ сөзіне сүйенсек, егер үкімет ЕТЖ-ны 150 мың теңгеге дейін өсіретін болса, ол бюджетке ауыртпалық әкеледі. Себебі ЕТЖ зейнетақы, жәрдемақыларды, басқа да төлемдерді есептеуге әсер етеді.
«Мәселен, үкімет 2027 жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 38 622 теңге болады дейді. Биыл бұл көрсеткіш 35 596 теңге болған. Сондай-ақ 2027 жылдан бастап зейнетақының ең төменгі шегі 74 919 теңге болмақ. Биыл ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге. Енді қараңыз, ЕТЖ-ны 150 мың теңгеге өсіретін болса, осы төлемдерді де және басқа да төлемдерді өсіру керек болады. Бұл бюджетке қосымша шығын әкеледі. Үкімет алдағы үш жылда «бюджеттің шығынын 0,4 пайызға түсіреміз» деп жоспарлағандықтан, ЕТЖ-ны өсіру әзірге тиімсіз. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігінің ЕТЖ-ны өсіру туралы жоспары қашан орындалатыны белгісіз», – дейді экономист-сарапшы.
«Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі»
Сондай-ақ сала мамандарының пайымдауынша, ЕТЖ өсетін болса, кейбір салық түрлері мен жарналарды да өсіруге тура келеді. Мәселен, бізде ЕТЖ негізінде есептелетін басты төлемдер мен олардың ережелері бар. Соған сүйенетін болсақ, ЕТЖ өссе, Міндетті зейнетақы жарналарын да (МЗЖ) өсіруге тура келеді. Мәселен, жеке кәсіпкерлер өздері үшін МЗЖ төлегенде, есептеу базасы ретінде 1 ЕТЖ-ден кем емес және 50 ЕТЖ-ден аспайтын соманы таңдай алады. Міне, осындай сәтте осы жарнаны да қымбат төлеуге тура келеді. Бұдан соң әлеуметтік аударымдарды да өсіру қажеттілігі туындайды.Жеке кәсіпкер және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін әлеуметтік аударымдардың төменгі шегі 1 ЕТЖ, ал ең жоғары шегі 7 ЕТЖ мөлшерімен шектеледі. Мұнда да ЕТЖ өссе, аударымды қымбат төлеуге тура келеді. Әлеуметтік салық бойыншаоңайлатылған декларация режиміндегі жеке кәсіпкер үшін әлеуметтік салық тікелей ЕТЖ немесе айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты бекітіледі. Бұл арада да ЕТЖ өссе, осы төлемдерді де қымбат төлеуге тура келеді. Медициналық сактандыру (МӘМС), жеке кәсіпкерлердің өздері үшін төлейтін МӘМС жарнасы 1,4 ЕТЖ сомасының 5 пайызына тең. Міне, осындай мысалдарды алға тартқан мамандар егер ЕТЖ-ны 150 мың теңгеге өсіретін болса, жеке кәсіп те осындай шығындарға даяр болуы керек дейді.
Бұл ретте қаржыгер Арман МУСИННІҢ сөзіне сүйенсек, ЕТЖ-ны көтеру мәселесін шешкенде оның еңбек өнімділігіне, халыққа әлеуметтік әсеріне және инфляцияға ықпалына жан-жақты талдау жасау қажет.
«Бұл арада, бір жағынан, халықтың табысын арттыру үшін ең төменгі жалақыны көтеру қажет. Екінші жағынан, оның бизнеске, нарыққа және инфляцияға әсері де ескерілуі тиіс. «Арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» тәсіл керек. Үкіметтегі топ-менеджерлердің осыған ақылы жете қойса жақсы», – дейді қаржыгер.
«Қалауын тапса, қар жанар»
Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ ойынша, бұл арада мәселені шешудің жолы бар. «Қалауын тапса, қар жанады» дейді маман.
Оның ойынша, бірінші мынадай жұмыстарды атқару керек: біріншіден, салық пен әлеуметтік төлемдерді ЕТЖ-дан ажырату қажет. ЕТЖ өскен сайын шағын және орта бизнеске, әсіресе жеке кәсіпкерлерге түсетін салықтық жүктеме (МӘМС, зейнетақы жарналары) автоматты түрде артпауы тиіс. Салықтар мен әлеуметтік аударымдардың төменгі шегін ЕТЖ-ға емес, айлық есептік көрсеткішке немесе арнайы тұрақты базалық коэффициентке байлау қажет. Сол кезде ЕТЖ өссе де, бизнеске салмақ түспейді. Салықты қымбат төлемейді, жарна қымбаттамайды. Бұл – бір.
Екіншіден, есептеудің жаңа халықаралық әдістемесіне көшу керек. ЕТЖ-ны нарықтағы нақты ахуалды көрсететін медиандық жалақы деңгейінің белгілі бір пайызы (халықаралық стандарт бойынша 50-60 пайыз) ретінде есептеу керек. Жалақының өсуі кәсіпорындардағы жұмыс сапасымен және еңбек өнімділігінің артуымен тікелей байланысты болуы шарт. Әйтпесе бұл тауарлар мен қызметтер бағасының қымбаттауына әкеледі.
Үшіншіден, ЕТЖ-ны өсірген соң, бизнеске арналған салықтық жеңілдіктер мен қолдау қажет. Төмен жалақы алатын жұмысшылары көп салаларға ЕТЖ-ны көтергені үшін мемлекет тарапынан уақытша салықтық жеңілдіктер немесе әлеуметтік төлемдерді субсидиялау тетіктерін ұсыну керек. Жұмыс беруші өз қызметкеріне жоғары жалақы төлегені үшін мемлекетке төлейтін салығы азаятындай тиімді шараларды енгізуі қажет.
Төртіншіден, ЕТЖ-ны кезең-кезеңімен және болжамды түрде өсіру керек. ЕТЖ-ны бірден 2-3 есе өсіру – бизнестің жабылуына, жұмыс орындарының қысқаруына немесе жалақының көлеңкелі экономикаға кетуіне әкеп соқтырады. Сондықтан кәсіпкерлер алдағы 3-5 жылда жалақы қорының қалай өсетінін алдын ала болжап, өз бюджетін жоспарлай алуы үшін өсім графигі нақты әрі ашық бекітілуі тиіс.
Бесіншіден, экономиканы әртараптандыру және мамандардың біліктілігін арттыру керек. Мемлекет тек шикізатқа тәуелділіктен арылып, жоғары технологиялық өндірістерді дамытса, кәсіпорындар жұмысшыларға жоғары жалақы төлеуге қауқарлы болады. Жұмысшылардың біліктілігі мен кәсіби шеберлігі артқан сайын олардың нарықтағы құны өседі, бұл ЕТЖ-ның табиғи түрде жоғарылауына жол ашады.
«ЕТЖ-ны өсіруден қорықпау керек. Осындай нақты-нақты қадамдарды жасап барып ең төменгі жалақыны өсірген жөн. Егер мұндай реформаға бара алмайды екен, онда шенеуніктердің жалақысын қысқарту қажет. Мысалы, бізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге болса, министрлердің жалақысы 1,5-2 млн теңге. Айырмашылық жер мен көктей. Шындығында шенеуніктер мен халықтың тапқан табысының арасында біздің елдегідей үлкен айырмашылық болмауы керек. Қазір біздің экономикалық даму туралы жоспарларымыз ойдағыдай орындалмай жатқандықтан ЕТЖ-ны өсіру бізге қиын тиді. Негізінде таяу болашақта жоғарыда аталған ұсыныстарға үкімет мән беруі тиіс немесе шенеуніктердің де жалақысын төмендетіп, бюджеттің шығынын солай қысқартқан жөн», – дейді Бейсенбек Зиябеков.
Ал экономика ғылымдарының докторы Ғалым БАЙНАЗАРОВТЫҢ пікірінше, Қазақстанда халықты жұмыспен қамту және оның табысын арттыру мәселесі әлі де өзекті.
«ЖІӨ өсіп жатқанымен, соңғы екі-үш жылда халықтың жан басына шаққандағы табысы 1-2 пайыздан артық өскен жоқ. Халықтың табысы ел экономикасының қазіргі әлеуетіне мүлдем сәйкес келмейді. Өйткені біз ұстанып отырған экономикалық модель халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталмаған», – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділігі халықтың табысының айтарлықтай өсуіне мүмкіндік бермей отыр. Экономикамыз әлі де шикізатқа байланған. Қазір біз шетелдік инвесторлар үшін шикізат өндіретін провинцияға айналып барамыз. Шетелдік инвесторлар елімізге келіп, негізінен шикізат өндіретін салаларға қаржы салады. Кейін өндірілген өнімді сыртқы нарыққа шығарып, өз пайдасын еселейді. Ал одан халықтың күнкөрісі мен табысы өспейді. Экономист бұл ретте Қытайдың тәжірибесін мысалға келтіреді. Оның сөзінше, кезінде Қытайдағы халықтың тұрмыс деңгейі Қазақстаннан да төмен болған. Алайда кейінгі он жылда ел басшылығы халықтың табысын арттыруды нақты мақсат етіп қойған.
«90-жылдардың басында Қытайда халықтың тұрмыс деңгейі өте төмен болды. Алайда соңғы 11-12 жылда Қытай төрағасы Си Цзиньпин халықтың жан басына шаққандағы айлық табысын кемінде 1 000 долларға жеткізуді мақсат етті. Қазір бұл көрсеткіш 1 200-1 300 долларға жетті», – дейді ол.
Осыған байланысты Ғалым Байназаров Қазақстанға ең төменгі күнкөріс деңгейін, ең төменгі жалақыны, төменгі зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларды қайта қарау қажет деп санайды.
«Біз алдағы уақытта ең төменгі күнкөріс деңгейінің, ең төменгі жалақының, зейнетақы мен жәрдемақылардың стандарттарын жан-жақты зерделеп, оларды арттырудың нақты жолдарын іздеуіміз керек. Өйткені бұл төлемдер – халықтың негізгі табыс көздерінің бірі. Сондықтан аталған стандарттардың барлығын қайта қарау қажет», – деп ой түйіндеді Ғалым Байназаров.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ