Сараптама

Үкімет тіркелмеген көліктердің дауын қалай шешпек?

Биыл 21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болып, үлкен резонанс туғызғаны ұмытыла қойған жоқ. Содан кейін ел арасында «қауіпсіздік үшін жолдағы тәртіпті қадағалау қажет» деген талап күшейді.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Мысалы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек: «Қазақстанда үлкен шенеуніктер мен ірі бизнес өкілдерінің балаларын қорғаштайтын полицей аз емес, ондайлар Алматыдан өзге өңірлерде де бар. Тексеріс Алматымен шектелмеуі керек. Ішкі істер органдарын «мажорларды» қорғайтындардан толық тазартуымыз қажет», – деп мәлімдеген.

Осыдан кейін Алматыға Астана, Көкшетау, Тараз, Шымкент және Шығыс Қазақстан облысынан патрульдер келіп, арнайы рейд жүргізді. Полицейлер күніне мыңдаған заңбұзушылықты анықтағанын айтып, есеп беріп жатты. Ал Ержан Сәденов басқаратын Ішкі істер министрлігі қауіпсіздікті қадағалау үшін профилактикалық шаралар елдің барлық өңірінде жүзеге асатынын хабарлаған.

Алматыны «тазалап» болған полицейлер өзге өңірлерге жол тартты. Шымкентке барып, жүргізушілерден дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш және жарық шағылыстырғыш кеудеше сияқты заттарды сұрағанын естідік. «Егер патруль бұл заттарды машинадан таппаса, айыппұл салады» деген ақпарат та көзімізге түсті. Мұны әлеуметтік желідегі пабликтер іліп ала кетті де, полиция қаптап жүрген Шымкентте аталған атрибутиканың бағасы шарықтай бастады. Тіпті қарапайым кеудешенің құны 3 мың теңгеге жетті деген дерек бар.

Шымкентті «шулатып» болған соң кезек Атырауға келді. Бірақ бұл сапар абыроймен аяқталмаған сияқты. Алдымен әлеуметтік желіде «Атырауға келе жатқан полиция колонасы жол ережесін бұзып, бүтін сызықты кесті» деген ақпарат тарады. Оның үстіне атыраулық жүргізушілер өзге өңірден полицейлердің келгеніне аса қуана қойған жоқ. Керісінше, жиналып алып, наразылық білдірді.

Наразылыққа не себеп болды?

Шетелдік нөмірмен жүрген көлік – үкімет шеше алмай жүрген күрделі проблемалардың бірі. Кейінгі бірнеше жылдан бері бұл мәселе күн тәртібінен түспей келеді. Бұл проблема қалай туындады? Елде көлік қымбат болғандықтан, азаматтар шетелден машина әкеліп міне бастады. 2023 жылы шетелдік көлікті сақтандыруға тыйым салатын заң шығып, Қазақстан азаматының шетелдік машинамен жүруіне шектеу қойылған. Бірақ бұл шектеулер қағаз жүзінде қалған сияқты, елде шетел нөмірін таққан көлік әлі көп. Бұл қосымша дау-дамайға жол ашып отыр.

Осы жолы Атырауға ағылып «бөтен» полицейлер келе бастағанда жұрт арасында «шетелдік нөмірмен жүрген машиналарды жаппай ұстап, айыптұраққа қояды екен» деген сыбыс тараған. Бұл әңгіме өңірдегі армян, грузин, орыс нөмірімен жүргендерге ұнай қоймады. Бейресми дерек бойынша шаһарда 5 мыңнан аса осындай көлік бар екен. Жергілікті «Ақ Жайық» басылымы хабарлағандай, «Салтанат сарайының» тұрағына 200-ден аса адам жиналды. Жүргізушілер рейд кезінде «полиция сақтандыру бар-жоғын және техниканың елде заңды жүргенін анықтайды» деп алаңдаған.

«Қаншама жыл бойы тыныш жүрміз. Енді тездетіп сақтандыру полисін жасаңдар дейді, бірақ мұның өзі жазадан құтқармайды деген әңгіме бар. Атырау сондай үлкен қала емес. Бізде ережені өрескел бұзатындар жоқтың қасы. Тәртіпті күшейтудің қажеті не? Әлде жергілікті полицияның шамасы жетпей жатыр ма?», – дейді тұрғындар.

Жиналған көпшілік алдына полиция, әкімдік, прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қызметкерлер келген. Бірақ шенділер еш сұраққа нақты жауап бере алмапты. Тек облысқа Астана қаласынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан полиция қызметкерлері келгенін айтып, 21-23 мамыр аралығында өңірде рейд және профилактикалық іс-шара өтетінін хабарлаған.

 «Осы кезеңде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарады. Негізгі мақсат – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзу әрекетінің алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау», – дейді облыстық ПД өкілдері.

Атырау облысының полиция департаменті заң бұзған көліктер ғана айыптұраққа қойылып жатқанын мәлімдеді. Полицияның дерегінше, бір аптада 74 автомобиль айыптұраққа қамалған көрінеді. Тәртіп сақшылары күшейтілген рейд әдеттегі патрульдік жұмыс екенін, заң талабын бұзбағандарға ешқандай шара қолданылмайтынын ғана айтып отыр.

Яғни жергілікті полицейлер шетел нөмірімен жүрген көліктер проблемасы қалай шешілетінін нақтыламаған. Шетелде тіркелген машина мініп жүрген азаматтар жазаға тартыла ма, жоқ па, белгісіз. Облыстық ПД мен ІІМ-нің ресми сайтында, әлеуметтік желілерінде бұл мәселеге қатысты ешбір ақпарат жоқ. Біз министрлік пен департамент өкілдерінен жедел пікір алуға тырысқан әрекетіміз іске аспаған соң Е-өтініш платформасы арқылы ресми сауал жолдадық. Онда біз елде шетелдік нөмірмен жүрген қанша автомобиль бар екенін және оларды тіркеуге қою мәселесі қалай шешілетінін сұрадық.

«Шетелдік көліктерге рейд жүріп жатыр» деген қауесет Атырау қаласын біраз әбігерге салды. 22 мамыр түнде қаланың орталық көшелерінде ұзын-сонар кептеліс пайда болып, әлеуметтік желілерде түрлі бейнежазбалар тарады. Кадрдан көше бойындағы жиналған автомобильдерді, топтасқан адамдарды байқауға болады. Осының бәрі қала халқының қалыпты тұрмысын өзгертті. Бірақ көп ұзамай рейд аяқталғаны белгілі болды. Шамасы, билік жағдайды ушықтырмауды да ойлаған сияқты.

Шетелдік көлік мәселесі – қолдан жасалған проблема

Атырауда жиналған азаматтардың арасында шетелдік көлігін заңдастыруды талап еткендер де кездесті. Олардың талабы айқын, «не көлігімізді заңдастырып, тіркеп бер, не рейд жүргізіп, мазалама» дейді. Бірақ бұл мүмкін бе? Біріншіден, ел азаматтары шетелдік автомобильді өз атына сақтандыра алмайды. Ал сақтандыру полисі жоқ көлікпен жүрген адам 10 АЕК айыппұл төлейді.

Екіншіден, біздің елде шетелден кірген көлікті есепке қоюдан қиын шаруа жоқ. Ол үшін утиль алымы, алғашқы тіркеу, кедендік тазарту деген сияқты алым-салықтарды төлеу қажет, ал олардың сомасы көліктің өз құнынан да жоғары. Осы жерде қайшылық туындайды. Шетелдік машина мініп жүрген азаматтар мұндай мол қаржы жұмсап, көлігін тіркегісі келмейді, ал заң бойынша Қазақстан азаматы шетелдік нөмірі бар машинамен жүре алмайды. Қайтпек керек?

Бұл – үкімет өз қолымен жасаған проблема. Әу баста шетел нөмірін таққан автокөлікті елде жүргізбеу керек еді. Заң бойынша мұндай көлік ел аумағында бір жыл жүре алады. Сол мерзім өткен соң не есепке қойғызып, не шекарадан шығарып жіберсе, бүгінгі даудың бірі де болмас еді. Яғни қателік шекарадан басталып отыр. Билік шетелдік көліктер шекарадан кірерде бақыламады, елге келген соң Қазақстанда есепке қоюды міндеттемеді. Кейін мұндай машиналардың көбінің тіркеуге қоюға мүмкіндік беретін мерзімі өтіп кетті.

Салдарынан Қазақстан жолдарында ешқайда тіркелмеген, шетел нөмірін таққан көліктер қаптады. Оларды бақылау қиындап кеткендіктен, билік амалсыздан шетелдік автокөлікті бірреттік заңдастыру науқанын қолға алып, 2023 жылы бөтен нөмір таққан машиналарды жеңілдікпен тіркеді. Сол науқан аясында азаматтар бірнеше миллион теңге тұратын алымдарды төлемей, 215 мың теңгемен көлігін есепке қойып алған. Ресми есеп бойынша, сол кезде жалпы 206 мың шетелдік көлік есепке қойылыпты. Оның 132 929-ы – Ресейден, 37 113-і – Армениядан, 21 601-і – Қырғызстаннан келген.

Ең қызығы, шенділер осыдан кейін де шетелден автокөлік әкелуді шектей алмады. Азаматтар әлі де өзге елден көлік кіргізіп, тіркеуге қоймай-ақ мініп жүр. Бақылаудың жоқтығынан елде шетелдік көліктер тағы көбейіп, арнайы жеңілдік жасап шешкен проблема қайта туындады. Бір ғана Атырау облысында 5 мыңнан аса шетелде тіркелген автомобиль бар көрінеді. Ал тұтас ел аумағында мұндайлардың қаншасы жүргені белгісіз. Мұны Ішкі істер министрлігінің жауабынан білеміз.

Шетелден автомобиль әкелген тұрғын заңды төлемдерді төлеп, техникасын неге тіркеп алмайды деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұған жауап ретінде шетел көлігін есепке қою үшін сұралатын утиль алымы мен алғашқы тіркеу сомасының мөлшерін айта кетейік. Утиль алымының мөлшері көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты. Қаңтар оқиғасына дейін азаматтар елге жеңіл көлік кіргізу үшін 450 мыңнан 3 млн 500 мыңға дейін ақша төлейтін. Ал ірі жүк көлігін әкелгендер 6 млн 200 мың теңге санап беретін. 2022 жылғы мамырдан бастап билік алым мөлшерін 50 пайыз азайтты. Қазір жеңіл автомобиль үшін – 229 мыңнан 1 млн 828 мыңға дейін; жүк көлігі үшін – 536 мыңнан 3 млн 139 мыңға дейін; ауыл шаруашылығына арналған трактор, комбайндар үшін – 6 млн 891 мың теңгеге дейін ақы төленеді. Сарапшылар мұның өзі өте жоғары екенін айтып жүр.

Ал алғашқы тіркеу ақысы көліктің шыққан жылына байланысты болады. Шыққанына 3 жылдан асқан техниканы елде бастапқы тіркеуге қою үшін 1 млн 846 мыңнан 9 млн 230 мың теңгеге дейін жетеді. Көпшілік бұл соманы да ақылға қонымсыз деп санайды. Одан бөлек, утиль алымы әлемнің көп елінде жоқ, бар болса да 100-200 еуродан аспайды. Белсенділер осы алым-салықтарды жоюды немесе мөлшерін төмендетуді үнемі талап етеді. Бірақ шенділер «автоөндірісті қорғау» деген желеумен одан бас тартып келеді.

Қуаныш Қаппас

Сайт Әкімшілігі