Үкіметтегі ауыс-түйіс: «эволюциялық жаңару» елге не береді?
Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет тарап, министрлер кабинеті қайта жасақталды. Бірақ мұндағы «қайта жасақталды» дегенді көңіл үшін ғана айтуға болар, әйтпесе, 4 министр ғана жаңадан келді. Үкімет басшысы да өз орнында қалды.
Атап айтқанда, Мұхтар Тілеуберді – Сыртқы істер министрлігін, Әлібек Қуантыров – Экология және табиғи ресурстар министрлігін басқарады. Ал төтенше жағдайлар министрлігіне – Мұрат Мұханов, Мәдениет және ақпарат министрлігіне – Арман Қырықбаев жетекшілік етеді. Өзге 17 министр жылы креслосынан жылжыған жоқ.
Бір жағынан, мұндай шағын ауыс-түйістің өз себебі бар. Бұл жолы министрлер кабинеті жұмысынан мін шықпады, сол себепті отставкаға кеткен жоқ. Жаңадан сайланған Құрылтай жұмысына кіріскен соң Конституцияға сәйкес Үкімет тараған. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы өткен күні қазіргі Үкіметтің жұмысын сынауға негіз жоқ екенін айтқан. Демек, Үкімет құрамына үлкен өзгеріс енбейтіні алдын ала белгілі болған.
Екінші жағынан, Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саладағы жұмысына халықтың көңілі тола қоймайды. Сол үшін «бір өзгеріс бола ма» деп Ақорда жаққа көз тігіп жүргендер көп болатын. Жұрт арасында «премьер-министр ауысады» деген әңгіме айтыла бастаған. Бірақ Қ.Тоқаев Құрылтай сайлауынан кейін О.Бектеновті өз орнында қалдырды.
Сондай-ақ Бектенов командасы да көп өзгеріске ұшырамады. Біріншіден, орынбасарлар орнында қалды. Нұрлыбек Нәлібаев – Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қанат Бозымбаев – Премьер-министрдің орынбасары, Ғалымжан Қойшыбаев – Премьер-министрдің орынбасары әрі үкімет аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды. Бұдан бөлек Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те вице-премьер қызметін қоса атқарады. Екіншіден, 21 министрліктің төртеуінде ғана басшы ауысты.
Қайта оралған дипломат. Сыртқы істер министрлігінің тізгінін Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ ұстады. Ол 1968 жылы дүниеге келген, 1993 жылдан бері дипломатиялық салада жұмыс істеп келеді. Екі мәрте Сыртқы істер министрінің орынбасары болған. Ал 2019-2023 жылдары Сыртқы істер министрі болды. Одан кейін Қазақстанның Аустриядағы төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарған. Енді, міне, бұрынғы лауазымына қайта оралды. Ол бұл қызметте Ермек Көшербаевтың орнын басты.
«Әмбебап министр». Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі болған Ерлан Нысанбаев отставкаға кетіп, оның орнына Әлібек ҚУАНТЫРОВ тағайындалды. Былайғы жұрт Қуантыровты Ұлттық экономика министрлігін басқарған адам (2022-2024 жылдар) ретінде таниды. Бірақ ол министр болып тұрғанда ел экономикасының еңсесін тіктей алды дей алмаймыз. 2024 жылы ақпанда Әлихан Смайылов Үкіметі президенттен бірнеше мәрте сын естіп, отставкаға кеткенде қызметінен айырылған 4 министрдің бірі болған.
1983 жылы дүниеге келген Қуантыров әр саланың басын бір шалатын әмбебап министр ретінде көзге түскен. Экономика министрі қызметінен кеткен соң екі жыл сыртқы істер вице-министрі болды. Енді Экология министрлігінің тізгінін ұстады. Қысқасы, Қуантыров бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын үш түрлі министрлікте басшылық қызмет атқармақ. Оған сол үшін де «әмбебап министр» деген ат қойдық. Айтпақшы, Әлібек Сәкенұлы экс-президенттің «қолына су құйған» адам ретінде де белгілі. Ол 2019-2021 жылдары сол кездегі экс-президент кеңсесінде бөлім басшысы болған.
Жаңа министрлер. Арман ҚЫРЫҚБАЕВ пен Мұрат МҰХАНОВ министр лауазымына алғаш рет тағайындалды. 50 жастағы Қырықбаев бұған дейін президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болды. Ал оның алдында Президент әкімшілігінің коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. 2022-2024 жылдары Алматы әкімінің орынбасары лауазымын атқарса, 2006-2010 жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігінде жұмыс істеген.
ТМЖ тізгінін ұстаған Мұрат Мұхановты жаңа Үкімет құрамындағы ең жаңа есім десек, қателеспейміз. Ұзақ жыл аймақта жұмыс істеген, орталыққа келгеніне көп болған жоқ. 41 жастағы Мұрат Сейтмолдаұлы биыл маусым айында ғана ТЖМ аппаратының басшысы болып тағайындалған. Ал оған дейін Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқарды.
Ақордадан әкімдікке дейін
Үкіметке келген 4 жаңа министр жайлы айттық. Енді осы мекемелердің бұрынғы басшылары туралы сөз қозғайық. Ерлан НЫСАНБАЕВ пен Ермек КӨШЕРБАЕВ әзірше жаңа қызметке тағайындалған жоқ. Сарапшылар биыл 65 жасқа толған Нысанбаев зейнетке кетуі мүмкін деп болжайды. Бірақ ұзақ жыл ауылшаруашылығы және экология саласында еңбек еткен кәнігі маманға кеңесші, ректор сияқты қызметтер бұйырып қалуы әбден мүмкін. Ал президенттің таңдаулы кадрларының бірі саналатын Көшербаев қызметсіз қалмайтын шығар, жұрт арасында ол облыс әкімі немесе елші болады деген болжам бар.
Ал бұрынғы ақпарат министрі Аида БАЛАЕВА мен ТЖМ басшысы Шыңғыс ӘРІНОВ жаңа қызметке тағайындалып үлгерді. Балаева – Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, Әрінов – Алматы облысы әкімі болды.
Алматы облысының экс-әкімі Марат Сұлтанғазиев қызметінен кетеді екен деген әңгіме шыққанына көп болған. Облыс қайта құрылғаннан бері әкім болып отырған Сұлтанғазиевтің жұмысына сын көп айтылды. Мысалы, ол облыс орталығы Қонаев қаласын жаңарту жөніндегі тапсырманы өз деңгейінде орындай алған жоқ. Оның үстіне аймақта «Алатау сити» сынды мегажоба басталып жатыр. Оны жүзеге асыру үшін де үлкен күш керек екені анық.
Осы жұмыстарды атқару міндеті экс-министр Шыңғыс Әріновке жүктелмек. 43 жастағы Шыңғыс Сайранұлының еңбек кітапшасы «өте жұқа» көрінеді. Ол 2006-2022 жылдары ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде жұмыс істеді. 2022 жылы Президент күзеті қызметінің бастығы болып тағайындалды. Ал 2024 жылы 6 ақпаннан қазірге дейін төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарды. Енді, міне, Алматы облысының тізгінін қолға алды. Демек, ол еңбек жолын бастағаннан бері үшінші мәрте ғана жұмыс ауыстырған.
Әріновтің әскери шені – генерал-майор. Оның бұрын президенттің күзет қызметін басқарғанын айттық. Соған қарағанда, Алматы облысын дамытып, Алатау қаласын салу үшін «иі жұмсақ» Сұлтанғазиевтің орнына «қатал» басшы керек болған сияқты. Сол үшін Ақордадан шыққан «оққағарды» облысқа әкелген болуы мүмкін. Айтпақшы, Әрінов – Қазақстандағы алғашқы «пагонды-әкім» емес. 2023 жылы қыркүйекте генерал-полковник, бұрынғы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалған.
Ақпараттық соғысқа дайындық па?
29 тамыз күні Қ.Тоқаев ҚР президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде ҚР Қауіпсіздік кеңесінің аппаратын құрды. Ал 31 тамызда Ғизат Нұрдәулетовті Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы лауазымынан босатып, Аида Балаеваны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындады. 5 қыркүйекте Мұрат Баймұқашев Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы болып бекітілді.
Қауіпсіздік кеңесі – ҚР ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган. Ол «ұлттық қауіпсіздікті және елдің халықаралық беделін, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады». Ел президенті Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болады. Қауіпсіздік кеңесінің құрамында президентті қоса есептегенде 13 адам бар. Олар – вице-президент Ерлан Қарин, төраға орынбасары Аида Балаева, Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай, премьер-министр Олжас Бектенов, ПӘ төрағасы Роман Скляр, Бас прокурор Берік Асылов, ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев, Мемлекеттік күзет қызметінің басшысы Сәкен Исабеков, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Төтенше жағдай министрі Мұрат Мұханов.
Көпшілік А.Балаеваның Қауіпсіздік кеңесіне ауысқанына таңданды. Жұрт арасында «Ұзақ жыл атқарушы билік органдарында жұмыс істеген, екі мәрте Ақпарат министрлігін басқарған кадрдың күтпеген жерден Қауіпсіздік кеңесіне баруына не себеп болды?» деген сұрақ туындады. Ал сарапшылар ұлттық қауіпсіздік шекара күзетіп, терроризммен күресуден ғана тұрмайтынын айтады. Қазір әлеуметтік наразылық, ақпараттық шабуыл, діни радикализм, этносаралық қақтығыс, жалған ақпарат тарату және цифрлық технологиялардың бәрі мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмыс генералдар мен әскерилерге ғана қатысты емес. Әсіресе әлемдік геосаясатта ақпараттық соғыс өршіп тұрған сәтте Қауіпсіздік кеңесіне ішкі саясат пен ақпарат саласын жақсы білетін маман керек болуы мүмкін.
Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА, саясаттанушы, PhD докторы: Ішкі саясатта өзгеріс болатын сияқты
– Қазіргі өзгерістер сыртқы саясат пен ішкі саясатқа қатысты болып тұр. Әлеуметтік және экономикалық тұрғыда өзгерістер жоқ. Менің ойымша, осы екі салада үлкен өзгеріс бола қоймайды. Қазіргі министрлер бұрын қабылдаған бағдарламалар бойынша жұмыс істей береді. Сондықтан болашақта сыртқы және ішкі істер саласында өзгерістер болады.
Мысалы, бұрынғы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев нашар жұмыс істеді деп есептеймін. Өйткені кейінгі кезде сыртқы саясатта позициямыз бұрынғыға қарағанда төмендеп кетті. Оған дейінгі министр кезінде позициямыз мығым болған еді, министрліктің сыртқы саясаттағы жүрістері өте кәсіби болатын. Ал Көшербаев келгелі осы жұмыс біршама әлсіреп қалды. Мұны Тоқаевтың сөздерінен де байқауға болады. Атап айтқанда, Омбыда Ресей президентіне Украинадағы соғыстың түсініксіз екенін айтып, оны уақытша тоқтатуды ұсынды. Мұндай сөзге Ресей қарсы болатыны анық еді. Ендеше, мұндай әңгімені Тоқаев неге қозғады? Осы жағын бәріміз түсінбей қалдық. Мұндай кезде президенттің позициясын СІМ дайындайтынын ескерсек, бұл жердегі жауапкершілік осы мекемеде деп есептеймін.
Сондай-ақ Каспий құбыр консорциумына дрондар бірнеше шабуыл жасады. Сол кезде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі нақты позициясын білдіре алмады. Бұрын осындай оқиғалар болған кезде мекеме нақты ұстанымын білдіріп, мәлімдеме жасайтын еді. Ал қазір министрлік қандай позиция ұстанып отырғаны түсініксіз болып қалды. СІМ басшысы сол үшін ауысты деп ойлаймын.
Сол себепті де Сыртқы істер министрін ауыстыру туралы шешімді қолдаймын. Бірақ жаңа министр Тілеуберді жайлы әзірге ештеңе айта алмаймын. Ол бұған дейін де осы саланы басқарған, бірақ ол кездегі жұмысына жоғары баға бере алмаймын. Алдағы қызметі қандай болатынын уақытында көреміз.
Бұдан бөлек бұрынғы Вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қауіпсіздік кеңесіне кетіп, орнына Арман Қырықбаев жайғасты. Осыған қарап, билік ішкі саясатқа қатты мән беріп жатыр деп топшылап отырмын. Алда вице-президент Ерлан Қарин, Аида Балаева және Арман Қырықбаев үшеуі ішкі саясатқа қатысты бірге жұмыс істейді деп ойлаймын. Демек, келер жылы ішкі саясатта айтарлықтай өзгерістер болуы мүмкін. Тіпті Төтенше жағдайлар министрінің ауысуы да ішкі саясатқа байланысты болуы ғажап емес.
Ал әлеуметтік салада, білім, денсаулық, экономика, қаржы, өнеркәсіп саласында ешқандай өзгеріс жасалмағанын көріп отырмыз. Соған қарағанда, Үкімет жұмысы бұған дейін қабылданған бағдарламалар ізімін жүреді деп болжауға болады.
Мәди ХАНАФИЯ, саясаттанушы: Президент қазіргі Үкіметке әлі де сенеді
– Премьер-министрдің өз орнында қалып, төрт министрдің ғана ауысуы, яғни Үкіметті ішінара жаңарту – әлемдік тәжірибеде жиі кездесетін стратегия. Кадрлық ауыс-түйістің аз болуының астарында бірнеше негізгі фактор болуы мүмкін. Біріншіден, үкімет басшысының және министрлер кабинетінің негізгі құрамының сақталуы қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен ұзақ мерзімді жобалардың тоқтап қалмауын қамтамасыз етеді. Бұл экономика мен ішкі саясаттағы күрт тербелістердің алдын алады.
Екіншіден, төрт министрдің ғана ауысуы Үкіметтің жалпы жұмысы қанағаттанарлық деп танылғанын, бірақ нақты сол төрт салада жаңа тәсілдер мен реформалар қажет екенін білдіреді. Бұл жүйелі дағдарысқа емес, басымды бағыттарды анықтап, осы төрт салада нақты шешімдерге назар аудару керек екенін көрсетеді.
Үшіншіден, үкімет басшысының өз орнында қалуы жоғары басшылық тарапынан оның жүргізіп отырған бағытына деген сенімнің әлі де бар екенін аңғартады. Оған өз командасын ішінара жаңартып, жұмысты одан әрі жалғастыруға мүмкіндік беріліп отыр.
Төртіншіден, президент тәуекелге бармауды жөн деп тапты. Яғни Үкіметті толықтай отставкаға жіберіп, уақытша басқару вакуумын тудырғысы келмеді. Радикалды өзгерістерден гөрі жағдайды бақылауда ұстай отырып, біртіндеп жаңарту тиімдірек деп ойлайтын сияқты. Мұндай қадамды саясаттануда «эволюциялық жаңарту» деп атайды. Толық отставка әдетте терең саяси немесе экономикалық дағдарыс кезінде болады, ал ішінара ауыс-түйіс жұмыс барысындағы тактикалық түзетулер ретінде қабылданады. Бұл қоғамға да, экономикалық серіктестерге де билік институттарының қалыпты, тұрақты режимде жұмыс істеп жатқаны туралы сигнал береді.
Аида Балаеваның Қауіпсіздік кеңесіне баруы оның көпжылдық тәжірибесімен тығыз байланысты деп ойлаймын. Біріншіден, ол – ішкі саясат, идеология, ақпарат және қоғамдық келісім салаларында үлкен тәжірибе жинаған маман. Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Мәдениет және ақпарат министрі, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары сияқты лауазымдарды атқарды. Қауіпсіздік кеңесі әскери немесе құқық қорғау мәселелерімен ғана емес, ақпараттық қауіпсіздік, қоғамдық тұрақтылық пен ішкі саяси қауіп-қатерлердің алдын алумен де айналысады. Балаеваның бұл саладағы тәжірибесі маңызды.
Жаңадан құрылған Қауіпсіздік кеңесінің аппараты ұлттық қауіпсіздікті, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерімен тікелей айналысады. Бұл ретте Балаеваның бұрынғы жұмыс тәжірибесі қоғамдағы көңіл күйді, әлеуметтік процестерді және ақпараттық кеңістікті бақылау арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Оның Вице-премьер, Мәдениет және ақпарат министрі сияқты жоғары лауазымдарды атқаруы президенттің сеніміне ие екенін көрсетеді. Қорыта келгенде, Аида Балаеваның Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалуын – ұлттық қауіпсіздіктің ақпараттық, идеологиялық және қоғамдық-саяси аспектілерін күшейту мақсатында жасалған стратегиялық қадам ретінде бағалауға болады. Оған президентке тікелей бағынатын жаңа органның жұмысын үйлестіру және ұлттық қауіпсіздікке төнетін қазіргі заманғы, соның ішінде гибридтік және ақпараттық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл шараларын әзірлеу міндеті жүктеліп отыр.
Қуаныш ҚАППАС