Украина әскері Ресейдің Самара облысындағы өнеркәсіптік кәсіпорынға соққы жасады
Украина Қарулы күштері 15 тамызға қараған түні Ресейдің Самара облысына зымыранмен жаппай шабуыл жасады.
Бұл туралы облыс губернаторы Вячеслав Федорищев хабарлады.
Оның айтуынша, Самара қаласындағы өнеркәсіптік инфрақұрылымға зақым келген. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілген.
Украиналық дереккөздер шабуыл нысанасы «Прогресс» зымыран-ғарыш орталығы болуы мүмкін екенін хабарлады. Бұл кәсіпорын орта класты зымыран-тасығыштар мен автоматты ғарыш аппараттарын шығарады. Оған жақын жерде ресейлік ұшақтарды жөндеу және жаңғыртумен айналысатын «Авиакор» зауыты орналасқан. Astra басылымының OSINT-сараптамасы осы кәсіпорындардың біріне тиесілі цехта өрт шыққанын көрсеткен.
Мәскеу облысына да дрондар шабуылдады
Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің мәліметінше, түнде аймақ үстінде сегіз дрон атып түсірілген немесе залалсыздандырылған. Шатурада дрон жеке тұрғын үйге түсіп, 55 жастағы әйел мен 9 жастағы бала жарақат алған. Баланың жағдайы ауыр.
Ресейдің өзге өңірлері де шабуылға ұшырады
15 тамызға қараған түні Пенза, Ярославль және Ростов облыстарындағы, сондай-ақ Ресей аннексиялаған Қырымдағы нысандарға да шабуыл жасалды.
Пенза облысында дрон ауыл шаруашылығы кәсіпорнына соққы жасап, өрт шыққан. Жергілікті билік зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Ярославль облысында бес дрон жойылған.
Ростов облысында биліктің мәліметінше, он шақты дрон мен зымыран жойылған. Миллерово ауданында электр желілері зақымдалып, жеті елді мекендегі мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалды.
Ресей тағайындаған Севастополь басшысы Михаил Развожаев қала аумағында бес дрон атып түсірілгенін мәлімдеді.