Әлеумет

Украина дрондары бір күнде Wildberries-тің үшінші қоймасына шабуыл жасады

Украина дрондары Ресейдің Пермь өлкесіндегі Wildberries компаниясының сұрыптау орталығына шабуыл жасады.

Фото: ашық дереккөз

Astra басылымы оқиға куәгерлері түсірген бейнежазбаларға сүйене отырып, Замулянка ауылындағы орталықта өрт шыққанын хабарлады. Өрттің фото және видеосын украиналық Exilenova+ мониторинг арнасы жариялаған.

Пермь өлкесінің губернаторы Дмитрий Махониннің айтуынша, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері 30 дрон аппаратын атып түсірген. Оның мәліметінше, шабуылды тойтару кезінде тұрғын емес екі ғимарат аздап зақымданған. Зардап шеккендер жоқ.

Бұған дейін бейсенбі күні Украина Қарулы күштері Wildberries-тің Пенза облысы мен Удмуртиядағы логистикалық орталықтарына да соққы жасағаны хабарланған еді. Екі нысанда да өрт шықты.

Пенза облысындағы қоймада бір адам жараланып, ауруханаға жеткізілді. Қауіпсіздік мақсатында 200 қызметкер эвакуацияланды. Маркетплейстің баспасөз қызметі зақымданған орталықтың жұмысы уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл логистикалық кешеннің аумағы шамамен 90 мың шаршы метр және бүкіл Еділ федералдық округіне қызмет көрсетеді.

Ал Удмуртияның Сарапул қаласындағы 50 мың шаршы метрлік қоймаға жасалған шабуыл кезінде қызметкерлер алдын ала эвакуацияланғандықтан, ешкім зардап шеккен жоқ.

Украина әскері Wildberries-тің тарату орталықтарына шабуылдарды 18 шілдеде бастаған. Содан бері компанияның 16 нысанына соққы жасалған. «Верстка» басылымының есебінше, 29 шілдеге дейін маркетплейстің барлық қойма алаңдарының 15 пайыздан астамы, яғни 860 мың шаршы метрден астамы істен шыққан.

Ең ірі шығын Мәскеу облысындағы Электросталь қаласындағы кешенге келген. Онда 250 мың шаршы метр аумақ өртеніп, бір қызметкер қаза тапқан. Сондай-ақ 29 шілде күні Рязаньдағы шабуыл салдарынан тағы 170 мың шаршы метрге жуық қойма зақымданған. Ал Мәскеу облысындағы Коледино, Екатеринбург, Воронеж және Татарстанның Зеленодольск қалаларындағы қоймаларға жасалған шабуылдар өртсіз аяқталған.

Шабуылдар сериясынан кейін Wildberries жаңа қоймалар іздеуге кірісті. Алайда «Коммерсантъ» басылымының жазуынша, дрон шабуылдары қаупіне байланысты қойма иелері компаниямен жалдау келісімдерін жасауға құлықсыз. Компания сонымен қатар Қазақстандағы қойма алаңдарын да қарастырып жатыр.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Wildberries негізін қалаушы Татьяна Ким Ресей үкіметінен компания мен сатушылардың шығындарын өтеуге көмектесетін салықтық жеңілдіктер беру мәселесін қарастыруды сұраған.

Сайт Әкімшілігі