Украина дрондары Ресейдің бірнеше өңіріне шабуыл жасады
18 шілдеге қараған түні Украина Қарулы күштері Ресейдің бірнеше өңіріндегі нысандарға дронмен шабуыл жасады.
Тамбов облысының билігі мәлімдегендей, украиналық дрондардың шабуылынан кейін Котовск қаласындағы Wildberries логистикалық орталығында өрт шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, жеті қызметкер қаза тауып, 24 адам жараланған.
Бұл ақпаратты Telegram-дағы Astra арнасының OSINT-талдауы да жанама түрде растады. Арна өрт шыққан орынды анықтап, жергілікті тұрғындар түсірген делінетін бейнежазбаларды жариялаған.
Владимир облысында дрон көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерге тиіп, салдарынан өрт шыққан. Облыс губернаторы Александр Авдеевтің айтуынша, тұрғындарға уақытша орналастыру пунктіне көшу ұсынылған. Зардап шеккендер жоқ.
Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері қалаға бағытталған 33 дронды атып түсірген. Кейін ол Мәскеу өңіріне жалпы саны 370-тен астам дрон шабуыл жасағанын хабарлады. Құлаған бөлшектер түскен жерлерде төтенше жағдай қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өңір үстінде алты дронның жойылғанын мәлімдеді.
Украиналық Exilenova+ Telegram-арнасы Мәскеу облысындағы Электросталь қаласында тағы бір Wildberries қоймасы өртеніп жатқанын хабарлады. Сондай-ақ арна Ногинск қаласындағы мұнай базасында өрт шыққанын және Тверьде жарылыстар болғанын жазды. Алайда Мәскеу және Тверь облыстарының әкімшіліктері бұл ақпаратқа әзірге түсініктеме берген жоқ.
Украиналық «Крымский ветер» мониторингтік арнасының мәліметінше, 18 шілдеге қараған түні уақытша оккупацияланған Қырымға да дрондармен шабуыл жасалған. Әуе дабылы Севастопольде екі жарым сағаттан астам уақытқа созылған.
Арнаның хабарлауынша, шабуылдар Севастопольмен қатар Керчь, Феодосия және әскери әуе базасы орналасқан Гвардейское кентіне де бағытталған.