Әлеумет

Украина дрондары Владимир облысындағы Wildberries қоймасына соққы жасады

Украиналық дрондар Ресейдің Владимир облысындағы Wildberries логистикалық орталығына шабуыл жасады.

Фото: x.com

 Бұл туралы украиналық Exilenova+ және Supernova+ мониторингтік арналары хабарлады.

Владимир облысының губернаторы Александр Авдеев шабуыл болғанын растады. Оның айтуынша, Собин ауданындағы қоймаға жасалған соққыдан кейін өрт шыққан.

«Адамдар эвакуацияланды. Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Дрон қаупі әлі де сақталып отыр», – деді ол.

Wildberries компаниясының мәліметінше, тапсырыстарды қабылдау мен жөнелту басқа логистикалық нысандар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ.

Exilenova+ мәліметінше, Владимир облысындағы бұл қойма Wildberries-тің ең ірі логистикалық хабтарының бірі саналады. Ол Мәскеу өңірі мен Ресейдің еуропалық бөлігінің орталық, солтүстік-батыс және солтүстік аймақтарына тауар таратуда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар, түнде дрондар Белгород мемлекеттік технологиялық университетінің (БГТУ) дрондар әзірленіп, сынақтан өткізілген корпусына да соққы жасаған. «Пепел» Telegram арнасының хабарлауынша, ғимарат толықтай өртеніп кеткен.

Ресей Қорғаныс министрлігі 3 тамызға қараған түні Украинаға тиесілі 131 дрон аппараты атып түсірілгенін мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, дрондар Белгород, Брянск, Воронеж, Калуга, Курск, Липецк, Орел, Смоленск, Тула облыстары, Краснодар өлкесі, аннексияланған Қырым және Қара теңіз акваториясы үстінде жойылған.

Сайт Әкімшілігі