Әлеумет

Украина дрондарының шабуылынан кейін Ozon акциялары 30 пайызға жуық құлдырады

Ресейлік Ozon маркетплейсінің бірнеше қоймасына жасалған дрон шабуылдарынан кейін компания акциялары Мәскеу биржасында күрт арзандады.

Фото: ЖИ

24 тамыз, дүйсенбі күні таңертең акциялардың құлдырауы бір сәтте 29 пайыздан асты.

Бағаның күрт өзгеруіне байланысты Мәскеу биржасы Ozon акцияларын саудалауда дискретті аукцион режимін енгізді. Мұндай уақытша режим акция бағасы қысқа мерзім ішінде қатты құбылған жағдайда қолданылады.

Биржа мәліметінше, Мәскеу уақытымен сағат 10:18-де Ozon акциясының бағасы 2224 рубльге дейін түсіп, жұма күнгі сауда жабылған кездегі 2968 рубльмен салыстырғанда 25,07 пайызға арзандаған.

Ozon-ның 31,8 пайыз акциясына иелік ететін АФК «Система» компаниясының бағалы қағаздары да шамамен 17 пайызға төмендеді.

Фото: REUTERS

Ozon нысандарына бірнеше күн қатарынан шабуыл жасалды

Ozon-ның ірі нысандарына дрон шабуылдары 22 тамызға қараған түні басталды. Алдымен Самара облысының Чапаевск қаласындағы логистикалық кешен соққыға ұшырады.

23 тамызда Орынбордағы Ozon қоймасына дрон сынықтары түсіп, өрт шықты. Ал 24 тамызға қараған түні Адыгеядағы, Ставрополь өлкесінің Невинномысск қаласындағы және Махачкаладағы Ozon қоймалары мен логистикалық орталықтарына шабуыл жасалды. Сарапшылардың мәліметінше, бірқатар нысанға айтарлықтай залал келген.

Шілде айының соңында Татарстандағы Ozon қоймасына да дрон шабуылдаған. Алайда сол кезде компания нысанға зақым келмегенін мәлімдеген.

Соңғы бір айда украин дрондары Ресейдегі тағы бір ірі маркетплейс – Wildberries қоймалары мен логистикалық орталықтарына да бірнеше рет шабуыл жасады.

The Moscow Times бұған дейін бәсекелесінің қоймаларына жасалған шабуылдардан кейін Ozon ықтимал соққыларға дайындала бастағанын жазған. Компания қымбат тауарлардың бір бөлігін ірі қоймалардан жергілікті тапсырыс беру пункттеріне көшіре бастаған.

Сайт Әкімшілігі