Саясат

Украина Германияда өндірілетін 600 зымыранға тапсырыс берді

Украина президенті Володимир Зеленский Киевтің Германиядан әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған 600 зымыран сатып алу жөнінде ірі келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеді.

Фото: Axel Schmidt/REUTERS

 Бұл туралы ол «ТСН. Неделя» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

Зеленскийдің айтуынша, Германия аталған зымырандарды өндіру үшін АҚШ-тан тиісті лицензияларды алып, өндірісті бастап кеткен. Ал Украина неміс өндірушілерімен жүздеген миллион долларлық келісімді ресми түрде рәсімдеген.

«Біз олармен өте ірі сомаға келісімшартқа қол қойдық. Әңгіме 600 зымыран туралы болып отыр», – деді Украина басшысы.

Әзірге Германия үкіметі бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Украина президенті Еуропа елдерінде, әсіресе Германияда, Patriot жүйелеріне арналған зымырандар өндіруге жеткілікті мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, болашақта мұндай өндіріс қуаттары Еуропаның өзге елдерінде де кеңейтілуі мүмкін.

Сондай-ақ Зеленский Францияда өткен «Үлкен жетілік» (G7) саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамппен және мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен келіссөз жүргізгенін айтты.

Оның сөзінше, Вашингтон алғаш рет Украинаға зымыран өндірісі бойынша лицензия беру мәселесіне оң көзқарас танытқан.

«Біз бұл мәселеде сондай кезеңге жеттік, енді тек Дональд Трамптың жеке келісімі қажет. Қалған барлық тараптар бұл бастаманы қолдап отыр», – деді Зеленский.

Францияның Эвиан қаласында өткен G7 саммитінің қорытындысы бойынша жетекші мемлекеттер Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын, зымыранға қарсы жүйелерді, алыс қашықтықтағы қару-жарақ пен өзге де әскери техникаларды жеткізуді ұлғайтуға келіскен.

Сонымен қатар, «Үлкен жетілік» елдері Украина аумағында әскери өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік беретін лицензияларды беру мәселесін қарастыруға дайын екендерін білдірді.

Бұдан бөлек, G7 мемлекеттері Украинаға алдағы қыс маусымынан тұрақты өту үшін энергетика саласындағы көмекті жалғастыратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, «Үлкен жетілік» құрамына АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония және Канада кіреді.

Сайт Әкімшілігі