Украина КТК инфрақұрылымына шабуыл жасамауға уәде берді
Украина АҚШ-қа Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына шабуыл жасамауға уәде берген. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.
КҚК арқылы Қазақстан мұнайының басым бөлігі экспортталады. Басылымның мәліметінше, Киев Қара теңіздегі КҚК нысандарына және Новороссийск маңындағы терминалға бет алған ресейлік емес танкерлерге шабуыл жасамауға міндеттеме алған.
Алайда бұл келісімнің бірқатар шарты бар. Атап айтқанда, кемелер Ресей мұнайын немесе өзге де ресейлік жүктерді тасымалдамауы тиіс. Сонымен қатар олардың Украина санкцияларына қатысы болмауы және Ресей азаматтары мен компанияларына тиесілі болмауы қажет.
Бұдан бөлек, Украина коммерциялық тасымалдаушылармен байланыс орнату үшін арнайы коммуникациялық арналар құрған. Кеме иелері осы арналар арқылы кемелерінің қауіпсіз өтуіне қажетті ақпаратты алдын ала ұсына алады.
КҚК Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа жеткізетін негізгі экспорттық бағыт болып қала береді. Қазіргі уақытта Қазақстан мұндай көлемдегі мұнайды басқа бағыттарға толықтай бұра алмайды.