Әлеумет

Украина Мәскеуге жаңа қару қолданды: оның баллистикалық зымыран екені даулы

Украина Мәскеуге шабуылда жаңа Pelican қаруын алғаш рет қолданды

Фото: ЖИ /Жас Алаш

Украина Ресей аумағына жасалған ауқымды шабуыл кезінде бұған дейін ұрыста қолданылғаны ресми хабарланбаған Pelican қаруын пайдаланған. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Алайда Pelican-ның нақты баллистикалық зымыран екені әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.

Зеленскийдің айтуынша, 20 қыркүйекте Мәскеу өңіріндегі мұнай өнеркәсібінің маңызды кәсіпорны мен логистикалық нысанға соққы жасалған. Операцияға FP-1, RZ-100, MICH-2000, «Паляниця», Vendetta, «Лютий», «Барс», «Фламинго», «Січень» және Pelican секілді Украинада өндірілген қарулар жұмылдырылған.

Шабуыл кезінде Мәскеудегі Капотня мұнай өңдеу зауыты зақымданды. Reuters Ресей билігіне сілтеме жасап, Мәскеу облысында шабуыл салдарынан үш адам қаза тапқанын хабарлады. Ресей тарапы Мәскеуге қарай жүздеген дрон ұшырылғанын мәлімдеді.

Бастапқыда бірқатар ақпарат құралдары Зеленский атаған Pelican-ды украиналық Fire Point компаниясының FP-7 тактикалық баллистикалық зымыранымен байланыстырды. Бұған дейін компания FP-7-нің сынақтан өтіп, ұрыста қолдануға дайындалып жатқанын хабарлаған. Зымыран 150 келіге дейін  оқтұмсық тасымалдай алады.

Алайда кейін Pelican-ның FP-7 екеніне күмән туды. Зеленский өз мәлімдемесінде Pelican-ды баллистикалық зымыран деп нақты атамаған. The Guardian және басқа дереккөздер әскери мамандарға сүйеніп, оның алыс қашықтыққа ұшатын қанатты дрон болуы мүмкін екенін жазды. FP-7-нің жарияланған 200–300 шақырымдық ұшу қашықтығы да Украина бақылауындағы аумақтан Мәскеуге тікелей жетуге жеткіліксіз.

Сондықтан Украина Мәскеуге алғаш рет баллистикалық зымыранмен соққы жасады деп кесіп айтуға әзірге негіз жеткіліксіз. Нақты расталғаны – Мәскеу өңіріне жасалған операцияда Украина Pelican деп аталатын жаңа қаруды алғаш рет жария түрде қолданғаны. Оның баллистикалық FP-7 зымыраны ма, әлде алыс қашықтықтағы дрон ба екені әлі нақтыланып жатыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Pelican