Украина Одесса облысында МиГ-29 жойғыш ұшағынан айырылды
Украина Қарулы күштерінің МиГ-29 жойғыш ұшағы Одесса облысында жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде апатқа ұшырады.
Ұшқыш катапульт жасап, аман қалды. Бұл туралы Украина Әуе күштері хабарлады.
Оқиға 10 тамыз кешінде болған. Әуе күштерінің мәліметінше, ұшқыш Одесса облысында қарсыластың әуе нысандарын жою бойынша жауынгерлік тапсырма орындаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, авиациялық зымыранды ұшыру кезінде штаттан тыс жағдай болған. Соның салдарынан ұшақ өртеніп, ұшқыш басқаруды жоғалтқан. Ол МиГ-29-ды сақтап қалуға әрекет жасағанымен, нәтиже болмаған.
Ұшқыш дер кезінде катапульт жасап үлгерген. Кейін ол эвакуацияланып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Апаттың нақты себептері анықталып жатыр.
Айта кетейік, Украина Әуе күштері бұған дейін 27 маусымда да жауынгерлік тапсырма орындап жүрген МиГ-29 ұшағынан айырылғанын хабарлаған. Ол кезде де ұшқыш катапульт жасап, аман қалған. Ал 29 шілдеде әуе нысандарын атып түсіру кезінде Украина F-16 жойғыш ұшағынан айырылды, оның ұшқышы да аман қалған.