Әлеумет

Украина Пенза облысы мен Удмуртиядағы Wildberries қоймаларына соққы жасады

Украина Қарулы күштері Ресейдің Пенза облысы мен Удмуртиядағы Wildberries қоймаларына дронмен соққы жасады. Екі нысанда да өрт шығып, бір адам жарақат алды.

Фото: скриншот

Компанияның хабарлауынша, Пенза облысындағы қоймаға жасалған шабуыл салдарынан бір адам зардап шеккен. Оқиға орнынан шамамен 200 қызметкер эвакуацияланды. Қойма аумағында өрт тұтанған.

Ал Удмуртияның Сарапул қаласындағы Wildberries логистикалық орталығына да дрон шабуылы жасалған. Компания мәліметінше, қызметкерлер қауіпсіз жерге көшірілген, алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ.

Wildberries бұл нысандағы логистикалық тізбектердің қайта ұйымдастырылғанын, тауар қабылдау мен тапсырыстарды жөнелту басқа қоймалар арқылы жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Украина әскері Wildberries қоймаларына шілде айының екінші жартысынан бері соққы жасап келеді. Осындай алғашқы шабуылдан кейін Украина президенті Владимир Зеленский мұны Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған шабуылдарына жауап деп атаған болатын.

Оның айтуынша, Тамбов облысы мен Мәскеу облысындағы Wildberries логистикалық орталықтары дрондар мен навигациялық жабдықтар өндірісіне қажетті санкцияға іліккен бөлшектерді жеткізуге пайдаланылған.

Ал Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк DW арнасына берген сұхбатында Wildberries нысандарына жасалған соққылар «саясатпен айналыспайтын, тек күнкөрісі үшін еңбек етіп жүрген көптеген адамдарға тікелей әсер ететінін» айтқан.

«Коммерсант» газетінің мәліметінше, Украина шабуылдарының салдарынан Wildberries компаниясының жалпы аумағы 550 мың шаршы метрден асатын логистикалық қуатының 10 пайыздан астамы зақымданған.

Сайт Әкімшілігі