Әлеумет

Украина Ресейдің төрт әскери ұшағын жойғанын мәлімдеді 

Украина әскері Ресейдің Воронеж облысындағы "Борисоглебск" әскери аэродромына соққы жасап, төрт Су-34 жойғыш-бомбалаушы ұшағын жойғанын мәлімдеді.

Фото ашық дереккөз / ЖИ арқылы өңделді

Тағы екі ұшақ зақымданған. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады.

Украина тарапының мәліметінше, шабуыл 15 қазанға қараған түні жасалған. Әскери нысанаға соққы беру үшін «Нептун» зымыраны қолданылған.

Шабуылдан кейін аэродромның спутниктік суреттері жарияланды. Онда соққыға дейін бір қатарда тұрған алты Су-34 ұшағының шабуылдан кейінгі жағдайы көрсетілген. Суреттерге сәйкес, төрт ұшақ тұрған орын қатты қираған, ал шеткі екі ұшақ зақымданған.

Reuters агенттігі аэродромдағы қирау іздерін көрсететін спутниктік суреттерді тексерген. Ал AviVector сарапшылары кемінде төрт ұшақтың жойылған болуы мүмкін екенін айтқан.

Су-34 – Ресей армиясының Украинаға қарсы соғыста пайдаланатын негізгі жойғыш-бомбалаушы ұшақтарының бірі. Ол басқарылатын авиациялық бомбалар мен зымырандарды қолдануға арналған.

Дегенмен жойылған және зақымданған ұшақтардың нақты саны тәуелсіз дереккөздер арқылы толық расталған жоқ. Ресей тарапының бұл шабуылға қатысты ресми ұстанымы әзірге белгісіз.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Су-34