Сараптама

Украина Ресейдің атысты тоқтату режимін бұзғанын мәлімдеді

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Ресейдің Украина енгізген «тыныштық режимін» бұзғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 6 мамырға қараған түні Ресей Украинаға 3 ракета және 100-ден астам дронмен шабуыл жасаған.

Фото: Notdienst der Ukraine

Сибига Х әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында Ресейдің Харьков пен Запорожьеге таңғы соққыларды қоса алғанда, түні бойы шабуылдарды жалғастырғанын айтты.

«Бұл Мәскеудің Киев ұсынған атысты тоқтату бастамасын тағы да елемегенін көрсетеді. Ресей бейбітшілікті қаламайды, ал 9 мамырдағы бітімге қатысты мәлімдемелері дипломатияға еш қатысы жоқ. Путинді адам өмірінен гөрі әскери парадтар көбірек қызықтырады», – деді Украина СІМ басшысы.

Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің Telegram-дағы мәліметіне сәйкес, Ресей әскері Ростов облысынан екі «Искандер-М» баллистикалық ракетасын, Курск облысынан бір Х-31 басқарылатын авиациялық ракетасын ұшырған.

Сонымен қатар Брянск, Курск, Миллерово, оккупацияланған Донецк пен аннексияланған Қырым аумағынан 108 Shahed, «Гербера», «Италмас» және «Пародия» типіндегі дрондар жіберілген.

Украина Әуе күштері әуе қорғанысы жүйелері 89 дронды атып түсіргенін хабарлады.

«Екі баллистикалық ракета, бір басқарылатын авиациялық ракета және тоғыз соққы беруші дрон сегіз түрлі нысанға түсті. Сонымен бірге бір жерде құлаған сынықтар тіркелді», – делінген хабарламада.

Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі Днепропетровск облысының төрт ауданында жасалған шабуылдардан төрт адамның қаза тауып, тағы 19 адамның жараланғанын хабарлады.

Әкімшілік ғимарат, қонақүй, тұрғын үйлер мен көліктер зақымданған. Құтқару жұмыстарына 130-дан астам маман мен 40 техника тартылған.

Ал Сумы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Григоров ресейлік дронның азаматтық көлікке соққы беруі салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын айтты.

Сондай-ақ Ресей әскері Сумы қаласындағы балабақшаға соққы жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимарат ішінде балалар болмаған, бірақ үйінді астында тәрбиешілер болуы мүмкін.

Харьков облысының билігі де ракеталық шабуылдар туралы хабарлады. Облыс басшысы Олег Синегубовтің айтуынша, Харьковтің Новобавар ауданында екі адам медициналық көмекке жүгінген.

Қала әкімі Игорь Терехов Shahed дрондарының соққысынан кейін қалада өрт шыққанын мәлімдеді.

5 мамыр кешінде Запорожье облысындағы өнеркәсіп нысанына шабуыл жасалған. Кейін облыс басшысы Иван Федоров тағы бірнеше соққы болғанын хабарлады.

Оның айтуынша, 43 адам дәрігер көмегіне жүгінген, олардың 18-і ауруханаға жатқызылған. Төрт адамның жағдайы ауыр деп бағалануда.

Айта кетейік, Ресей билігі бұған дейін 8-9 мамыр аралығында Жеңіс күніне байланысты біржақты «бітім» жариялағанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар Украина бұл режимді бұзса, Киевке  зымыранмен шабуыл жасалуы мүмкін екені айтылған.

Бұған жауап ретінде Зеленский Украина 6 мамырдан бастап атысты тоқтатуға дайын екенін, бірақ Ресей де осы шартты орындауы қажет екенін мәлімдеді.

Т. РАУШАНҰЛЫ