Украина Ресейге қарсы санкцияларды мерзімінен бұрын алып тастауға қарсы
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге қарсы енгізілген санкцияларды соғыс аяқталып, жанжал дипломатиялық жолмен реттелмейінше алып тастауға болмайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, шектеу шаралары келіссөз өткізу үшін емес, Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына жауап ретінде енгізілген. Зеленскийдің пікірінше, үш ел басшысының кездесуі өтетін болса, оған дейін Ресейге салынған санкциялардың күшін жоюға жол берілмеуі керек.
"Санкциялар әңгімелесу мүмкіндігі үшін емес, агрессияға байланысты енгізілді", - деді Украина президенті.
Ол Ресейге қарсы шектеулерді алып тастау соғыстың аяқталуымен, дипломатиялық реттеумен, Украинаны қалпына келтірумен және елдің қауіпсіздігіне кепілдік берумен байланысты болуы қажет екенін атап өтті.
Зеленский санкциялар мерзімінен бұрын жойылса, кейінгі жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз болып қалуы мүмкін деп есептейді. Оның сөзінше, шектеулерді қайта енгізу үшін халықаралық қауымдастықты қайтадан біріктіріп, әлем бойынша 20-дан астам санкциялық пакетті қабылдауға қол жеткізу оңай болмауы мүмкін.
"Санкциялар алынып тасталғаннан кейін жағдайдың қалай өрбитіні түсініксіз болып қалуы мүмкін. Ал оларды қайта енгізіп, соғыстың басындағыдай елдерді біріктіруге кімнің күші жетеді? Сондықтан бұл мәселеге өте сақ қараймын", – деді ол.
Украина президенті АҚШ тарапына Киевтің ұстанымын жеткізгенін және америкалық тарап бұл позицияны түсінетінін айтты.