Әлеумет

Украина СІМ басшысы Тоқаевқа соғысты тоқтатуға шақырғаны үшін алғыс айтты

Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сыбига Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа соғысты тоқтатуға шақырғаны үшін алғыс білдірді.

Фото: ашық дереккөз

Тиісті мәлімдемені ол X әлеуметтік желісінде жариялап, Қазақстан басшысының Ресей президенті Владимир Путинге айтқан ұстанымына пікір білдірді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Путинге соғысты тоқтататын уақыт келгенін айтқанын жоғары бағалаймыз. Бұл – шынайы, дер кезінде айтылған әрі дана үндеу», – деп жазды Украина СІМ басшысы.

Сыбиганың айтуынша, Украина бұған дейін қазіргі майдан шебі бойынша ұрыс қимылдарын тоқтатып, дипломатиялық келіссөздерге көшуді ұсынған. Алайда Киевтің мәлімдеуінше, Кремль бұл бейбітшілік жолынан әлі де бас тартып отыр.

Украина сыртқы істер министрі Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың Қазақстан президентінің ұсынысын қабылдамағанын да атап өтті.

«Негізгі қорытынды – Мәскеу шынайы бейбіт ұсыныстарды қабылдауы үшін оған қысым күшейтілуі керек», – деді ол.

Украина министрінің бұл мәлімдемесі соғысты тоқтатудың ықтимал жолдары мен дипломатиялық келіссөздерге көшу мәселесі талқыланып жатқан кезеңде жасалды.

Қазақстан өз кезегінде қақтығыстарды дипломатиялық жолмен реттеуді және халықаралық құқық қағидаттарын сақтауды тұрақты түрде қолдап келеді. Бұған дейін Астана Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу қажеттігін бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Украина