Әлеумет

Украина төртінші F-16 жойғыш ұшағынан айырылды

Украина Қарулы күштерінің Әуе күштеріне тиесілі F-16 жойғыш ұшағы майдандағы жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде апатқа ұшырады. Ұшқыш катапультамен шығып үлгерген, оның өміріне қауіп жоқ.

Фото: Евгений Малолетка / AP

Украина Әуе күштерінің мәліметінше, ұшақ ресейлік әуе нысандарын тосқауылдау тапсырмасын орындап жүрген кезде бортта төтенше жағдай туындаған. Соның салдарынан ұшқыш катапультпен секіруге мәжбүр болған.

Әскери қызметкер сәтті эвакуацияланып, медициналық мекемеге жеткізілген. Оқиға салдарынан бейбіт тұрғындар арасында зардап шеккендер мен қираулар тіркелмеген. Қазір апат орнына сарапшылар мен құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның нақты себептері анықталуда.

Бұл – Украина Қарулы күштері жоғалтқан төртінші F-16 жойғышы.

Алғашқы америкалық көпмақсатты F-16 ұшақтарының 10 данасы Украинаға 2024 жылдың тамыз айының басында Дания мен Нидерланд бастаған еуропалық коалиция арқылы жеткізілген болатын. Сол кезде 2024 жылдың соңына дейін тағы 20 ұшақ, ал 2025 жылдың ішінде Украина Әуе күштерінің құрамындағы F-16 саны 79-ға жететіні хабарланған еді. Украиналық ұшқыштар бұл ұшақтарды басқару бойынша АҚШ-та дайындықтан өтті.

Украина алғашқы F-16 ұшағының жоғалғанын 2024 жылғы 29 тамызда, Ресейдің жаппай зымыран шабуылына тойтарыс беру кезінде мәлімдеген болатын. Сол кезде ұшқыш Алексей Месь қаза тапты.

2025 жылғы 12 сәуірде екінші F-16 жауынгерлік тапсырма кезінде апатқа ұшырап, ұшқыш Павел Иванов көз жұмды. Президент Владимир Зеленский оған да, Алексей Меське де қаза болғаннан кейін «Украина Батыры» атағын берді.

Ал 2025 жылғы 16 мамырда Ресейдің дрон шабуылына тойтарыс беру барысында үшінші F-16 ұшағы құлаған.

dpa агенттігінің атап өтуінше, Батыс елдері берген F-16 жойғыштары Украина әуе қорғаныс жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Сондықтан әрбір осындай ұшақтың жойылуы Украина Қарулы күштері үшін елеулі шығын болып есептеледі.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: F-16 Украина