Саясат

Украинада Андрей Деркач мемлекетке опасыздық жасағаны үшін 15 жылға сотталды

Украинаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары соты Жоғарғы Раданың бұрынғы депутаты Андрей Деркачты мемлекетке опасыздық жасау және заңсыз баю баптары бойынша кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы «Азаттық радиосының» украин қызметі хабарлады.

Андрей Деркач – Ресейдің Украинаға басып кіруіне аз уақыт қалғанда қайтыс болған Украинаның бұрынғы Қауіпсіздік қызметі (СБУ) басшысы Леонид Деркачтың ұлы.

Тергеу мәліметінше, Деркач 2019–2020 жылдары Мәскеуде Ресей Қарулы күштері Бас штабы Бас басқармасының (ГРУ) өкілдерімен бірнеше рет кездескен. Кейін Украина билігінің беделін түсіруге бағытталған баспасөз мәслихаттарын ұйымдастырған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Ресей арнайы қызметтерінен кемінде 567 мың АҚШ долларын алып, бұл қаражатты Украинаға қарсы ақпараттық науқандар жүргізуге пайдаланған.

2022 жылы Деркач Ресейге қашып кеткен. 2023 жылы Украина президенті Владимир Зеленский оны Украина азаматтығынан айырды.

2024 жылдың қыркүйегінде Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин Деркачты аталған өңірден Ресей Федерациясы Кеңесінің сенаторы етіп тағайындаған.

Бұған дейін, 2020 жылы АҚШ Андрей Деркачқа санкция енгізген болатын. Вашингтон оны Ресей арнайы қызметтерінің агенті ретінде АҚШ-тағы президент сайлауына араласуға әрекет жасады деп айыптаған. Сонымен қатар АҚШ-та оған қатысты қылмыстық айыптар да тағылған.

Сайт Әкімшілігі