Әлеумет

Украинада Андрей Ермак ақша жымқырды деген күдікке ілінді

Украинаның Ұлттық антикоррупциялық бюросы (НАБУ) мен Мамандандырылған антикоррупциялық прокуратурасы (САП) Украина президенті офисінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакқа қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша күдік жариялады.

Фото: Reuters

Тергеу мәліметінше, Киев маңындағы элиталық құрылыс жобасы арқылы 460 миллион гривна, яғни шамамен 8,9 миллион еуро көлеміндегі қаражатты жылыстату туралы сөз болып отыр.

НАБУ мен САП мәліметінше, Ермак ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткен болуы мүмкін. Бұл топ Украина антикоррупциялық органдары жүргізген “Мидас” операциясы аясында әшкереленген.

Андрей Ермак жемқорлыққа қатысты айыптауларды жоққа шығарған. “Украинская правда” басылымының жазуынша, ол өзінде «бір ғана автокөлік пен бір ғана пәтер» бар екенін мәлімдеген.

Украина президенті Зеленский 2025 жылғы 28 қарашада Ермакты президент офисі басшысы қызметінен босатқан еді.

Бұған дейін Ермак “Энергоатом” компаниясы төңірегіндегі жемқорлық жанжалы мен оның үйінде жүргізілген тінтулерден кейін отставкаға кету туралы өтініш жазған болатын.

Андрей Ермак 2020 жылдың ақпан айынан бастап Украина президенті офисін басқарған. Ол Зеленскийдің ең жақын серіктерінің бірі әрі елдегі президенттен кейінгі ең ықпалды тұлғалардың бірі саналған.

Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвин бұл күдік туралы ақпаратта таңғаларлық ештеңе жоқ екенін айтты.

«Бұл тақырыптағы талқылаулар бұқаралық ақпарат құралдарында бұрыннан бері жүріп жатқан», — деген ол “Украинская правда” басылымына.

Сайт Әкімшілігі