Қоғам

Украинада Астанадағы сауда орталығына бомба қойылғаны туралы жалған хабар таратқан жасөспірім ұсталды

26 тамызда Сумы қаласында Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Украина киберполициясының бірлескен жұмысы нәтижесінде Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама жіберді деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды.

Фото: oka.fm

Polisia.kz мәліметінше, күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде бірнеше ұялы телефон, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленген.

Электрондық құрылғыларды тексеру барысында пайдаланылған аккаунт, жіберілген хабарламаның мәтіні және іске қатысты басқа да цифрлық дәлелдер анықталған. Қазір тәркіленген техникаларға талдау жүргізіліп жатыр.

Құқық қорғау органдары жасөспірімнің сыбайластарын анықтап, оның осыған ұқсас өзге де фактілерге қатысы бар-жоғын тексеруде. Процестік шешімдер қабылдау мәселесі бойынша Қазақстан мен Украинаның құзырлы органдары өзара іс-қимылды жалғастырып жатыр.

 

 

Сайт Әкімшілігі