Украинада Зеленский Қарулы күштердің бас қолбасшысын ауыстырды
Украина президенті Владимир Зеленский елдің Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийді қызметінен босатқанын мәлімдеді. Оның орнына 43 жастағы генерал-майор Михаил Драпатый тағайындалады.
Кадрлық өзгерістер туралы Зеленский дәстүрлі кешкі үндеуінде хабарлады. Оның айтуынша, Сырскийді қызметінен босату және Драпатыйды тағайындау туралы жарлықтарға бүгін қол қойылады.
«Михаил Драпатыймен бірге алдағы және орта мерзімді кезеңде атқарылатын міндеттерді айқындадық. Украинаның Қорғаныс күштерінің операциялары жалғасып жатыр және тұрақты түрде жалғасуы тиіс», – деді Зеленский.
Сонымен қатар Украина президенті Сырскийге Киевті қорғаудағы, сондай-ақ Харьков және Курск облыстарындағы әскери операциялардағы еңбегі үшін алғыс айтты. Бас қолбасшымен бірге Бас штаб бастығы Андрей Гнатов та қызметінен кетеді.
Отставкаға не себеп болды?
Кадрлық өзгерістердің алдында Украинада саяси дау туындап, бірнеше қалада жаппай митингілер өтті.
Өткен аптада Зеленский 35 жастағы қорғаныс министрі Михаил Федоровты қызметінен босатып, мұны Қорғаныс министрлігі басшысы мен бас қолбасшы Сырский арасындағы шешілмеген келіспеушілікпен түсіндірген болатын. Жарты жыл ғана қызмет атқарған Федоров осы уақыт ішінде бірқатар реформаны жүзеге асырып, дрон өндірісін едәуір арттырған.
Оның қызметтен кетуі қоғамда наразылық туғызды. Демалыс күндері Киевтің орталығында өткен митингке шамамен 10 мың адам қатысып, Федоровты қызметіне қайтаруды және Сырскийдің отставкаға кетуін талап етті. Соның нәтижесінде Зеленский кадрлық өзгерістер жасауға шешім қабылдағаны айтылады.
Михаил Драпатый кім?
Жаңа бас қолбасшы – 43 жастағы генерал-майор. Ол әскери білімін тәуелсіз Украинада алған (Сырский болса кеңестік әскери оқу орнын тәмамдаған).
Әскери жолы:
2014 жылы батальон командирі ретінде Мариупольге әскер кіргізу операциясына жетекшілік етіп, кейін Изварино маңындағы қоршаудан бөлімшелерді шығарған.
Кейін Херсон бағытындағы қорғанысқа басшылық жасап, 2022 жылдың күзінде Херсонды азат ету операциясына қатысқан.
Сондай-ақ Ресей әскерінің Харьков облысындағы шабуылын тоқтатуға үлес қосқан.
Әскери ортада Драпатый жеке құрамның өмірін сақтауға басымдық беретін, беделі жоғары кәсіби қолбасшы ретінде танымал.
Драпатый жаңа қызметке тағайындалуына байланысты Зеленскийге алғыс айтып, бұл лауазымды «аса үлкен жауапкершілік» деп атады.
Михаил Федоров енді немен айналысады?
Зеленский қызметінен кеткен бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоровпен кездескенін және оған елдің технологиялық дамуына қатысты мемлекеттік қызмет ұсынғанын айтты.
Өз кезегінде Федоров Драпатыйдың тағайындалуын қолдап, кадрлық өзгерістерді «жаңа тыныс пен жаңа үміт» деп бағалады. Сонымен қатар ол Сырскийге телефон шалып, бұрынғы еңбегі үшін алғыс білдіргенін жеткізді.