Саясат

Украинада Зеленскийге қарсы наразылық күшейді

Украинада бірнеше қалада президент Владимир Зеленскийдің шешіміне қарсы наразылық акциялары өтті.

Фото: Axel Schmidt/REUTERS

Бұған Қорғаныс министрі Михаил Федоровтың қызметінен босатылуы себеп болды.

Наразылыққа шыққандар «Федоровқа тиіспеңдер!» және «Жеңісті алыстатпаңдар!» деген ұрандар көтерді. 35 жастағы Михаил Федоров қорғаныс министрі қызметін жарты жыл атқарған. Оған дейін елдің цифрлық трансформация министрі болып жұмыс істеді. Сарапшылар оны Украинадағы дрон технологияларын дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі деп бағалайды. Ресей аумағындағы дрон операцияларының тиімділігі де оның бастамаларымен байланыстырылады.

Неліктен қызметінен кетті?

The Economist басылымының мәліметінше, Федоров министр болып тағайындалғаннан кейін қорғаныс саласындағы қаржының жұмсалуын тексеріп, бюджетті қайта қарауға кіріскен. Сондай-ақ ол Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийдің қызметіне қатысты сын айтып, оны отставкаға жіберуді ұсынған.

Ал Украинская правда дерегінше, Владимир Зеленский билік пен әскер арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында осындай шешім қабылдағанын жеткізген. Басылымның жазуынша, президент Федоров пен Сырский арасында жиі келіспеушіліктер болғанын айтқан.

Қызметінен кеткеннен кейін Федоровтың өзі де баспасөз мәслихатын өткізіп, Александр Сырскийдің жұмысын сынға алды.

Кейбір украиналық сарапшылар Федоровтың қоғамдағы беделі артып, ықпалы күшейе бастағаны оның қызметтен кетуіне әсер етуі мүмкін деген пікірде.

Саясаттанушы Владимир Фесенконың айтуынша, Михаил Федоров билікте ықпалды саясаткерге айналмағанымен, Батыс елдері мен Украинадағы саяси және сарапшылық ортада үлкен қолдауға ие болған. Оның пікірінше, Федоровтың танымал бола бастауы Зеленскийдің тобындағы кейбір тұлғаларға ұнамаған.

Сайт Әкімшілігі