Әлеумет

Украинадағы соғыста Ресей армиясының қатарында 500-ден астам Қазақстан азаматы қаза тапқан

Ресей армиясының қатарында 500-ден астам Қазақстан азаматы қаза тапқан

Фото: Alexey Pavlishak/REUTERS

Ресейдің федералдық статистика қызметінің (Росстат) таралып кеткен деректеріне сәйкес, 2022-2026 жылдар аралығында Украинадағы соғыста Ресей армиясының қатарында 510 Қазақстан азаматы қаза тапқан. Бұл туралы "Выход к морю" Telegram арнасы хабарлады.

Бұл мәліметтер толық болмауы мүмкін, өйткені статистикаға ресми тіркелген өлім жағдайлары ғана енгізілген. Бұған дейін БАҚ-та 1300 қазақстандықтың қаза тапқаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда бұл статистикаға Қазақстан мен Қазақ КСР аумағында дүниеге келген Ресей азаматтары да енгізілген болуы ықтимал. Олардың Қазақстан азаматтығын сақтап қалған-қалмағаны белгісіз.

Беларусь пен Украинаның "Киберпартизаны" және Silent Crow хакерлік топтары қараша айының басында Росстаттың деректер базасын бұзғанын мәлімдеді. Нәтижесінде олар бірнеше терабайт ақпаратқа, соның ішінде 2021 жылдың басынан 2026 жылдың қыркүйегіне дейінгі Ресейдегі өлім-жітім туралы мәліметтерге қол жеткізген.

Аталған деректерге сәйкес, Украинадағы кең ауқымды соғыс басталғалы Ресей армиясының 490 мыңнан астам әскери қызметкері қаза тапқан. Олардың шамамен 7,4 мыңы – шетел азаматтары.

Соғыс басталғалы BBC-мен бірлесіп қаза тапқан ресейліктердің аты-жөнін анықтап келе жатқан "Медиазона" басылымы хабар-ошарсыз кеткендерді қоса есептегенде, Ресей армиясының шығынын 700 мың адам деп бағалайды. Ресей билігі 2022 жылдың қыркүйегінен бері Украинадағы әскери шығындары туралы ресми мәлімет жариялаған жоқ.

Росстат деректеріне сәйкес, Ресей армиясының қатарына қосылып, қаза тапқан қазақстандықтардың басым бөлігі – 296 адам 2025 жылы мерт болған. Бұл Ресей армиясының ең көп шығынға ұшыраған кезеңімен тұспа-тұс келеді.

Жылдар бойынша қаза тапқан Қазақстан азаматтарының саны:

  • 2022 жылы – 7 адам;

  • 2023 жылы – 14 адам;

  • 2024 жылы – 138 адам;

  • 2025 жылы – 296 адам;

  • 2026 жылы – 55 адам.

Қаза тапқандардың орташа жасы – 40,5 жас. Ең үлкені 64 жаста болса, ең жасы небәрі 19-да болған.

Қазақстан азаматтарының жартысынан астамы, яғни 309 адам Донецк облысында қаза тапқан. Луганск пен Харьков облыстарында шамамен 60 адамнан, Запорожье облысында 28 адам, Сумы облысында 10 адам мерт болған.

Тағы сегіз Қазақстан азаматы Ресейдің Курск облысында қаза тапқан. Олардың өлімі Украина қарулы күштерінің осы өңірдегі әскери операциясы кезеңіне сәйкес келеді. 30-дан астам адамның қай жерде қаза тапқаны көрсетілмеген.

Росстат мәліметтеріне қарағанда, Ресей армиясымен келісімшарт жасасқан қазақстандықтардың көпшілігі мина-жарылыс жарақаттарынан көз жұмған.

Ресей қарулы күштерінің қатарында нақты қанша Қазақстан азаматы соғысқаны және қазір қаншасы соғысып жүргені белгісіз. Украинаның "Хочу жить" мемлекеттік жобасының дерегінше, 2022 жылдан 2026 жылдың күзіне дейін Қазақстанның 2389 азаматы Ресей әскерімен келісімшарт жасасқан.

Осы кезеңде Қазақстанда "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" және "Жалдамалылық" баптары бойынша мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Тек былтырдың өзінде осындай 740-қа жуық іс тіркелген. Аталған баптар бойынша бес жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Соғысқа қатысқан адам аман қалып, кейін Ресей азаматтығын алған күннің өзінде Қазақстандағы қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. Бұл әскери қимылдарға тікелей қатыспай, адамдарды соғысқа тартумен айналысатындарға да қатысты.

Сайт Әкімшілігі