Украиналық дрондар «Роснефтьтің» Сызрань мұнай өңдеу зауытына соққы жасады: екі адам қаза тапты
Украинаның дрондары Ресейдің Самара облысындағы Сызрань қаласына тағы да шабуыл жасады. Соның салдарынан «Роснефть» компаниясына тиесілі мұнай өңдеу зауытында өрт шығып, екі адам қаза тапты.
Бұл туралы DW басылымы хабарлады.
Самара облысының губернаторы Вячеслав Федорищевтің мәліметінше, бірнеше адам жараланған.
«Жаудың адамшылыққа жат әрекеттері салдарынан екі адам қаза тапты. Марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр», – деп жазды ол Telegram-арнасында.
Қалада апта соңына дейін барлық бұқаралық іс-шара тоқтатылды.
Astra басылымы мен украиналық Exilenova+ мониторингтік арнасының мәліметінше, шабуылдың негізгі нысанасы Сызрань мұнай өңдеу зауыты болған. Шабуылдан кейін кәсіпорында ірі өрт шығып, аспанға қою қара түтін көтерілген.
Ресей Қорғаныс министрлігі бір түн ішінде Ресей аймақтары мен Каспий теңізі үстінен 121 дрон атып түсірілгенін хабарлады.
Жылына 8,5 млн тонна мұнай өңдейтін Сызрань зауыты бұған дейін де 18 сәуірде дрон шабуылына ұшыраған. Сол кезде технологиялық жабдық зақымданып, кәсіпорын қуатының 70 пайыздан астамын қамтамасыз ететін алғашқы мұнай өңдеу қондырғысы тоқтаған еді.
Reuters агенттігінің жазуынша, соңғы екі аптада украиналық дрондардың шабуылынан Ресейдің орталық бөлігіндегі ірі мұнай өңдеу зауыттарының көбі жұмысын толық немесе жартылай тоқтатуға мәжбүр болған. Олардың қатарында Мәскеу, Нижний Новгород, Рязань және Ярославльдегі кәсіпорындар бар.
Жалпы қуаты жылына 83 млн тоннадан асатын бұл зауыттар Ресейдегі бензиннің 30 пайыздан астамын және дизель отынының шамамен төрттен бірін өндіріп келген.