Әлеумет

Ұлтсыздық дерті

Кез келген ұлт өзі құрған мемлекеттің иесі болуы тиіс. Айналаға көз салсаң, солайекеніне көзің жетеді.

Jasalash.kz

Ресейде  орыс, Өзбекияда өзбек, Қап  тауындағы елдерде жергілікті ұлттар,тіпті  қазақты  «маңқа қазақ»  дейтін  қырғыздар да өз  жерінің қожайыны.  Өз  жеріндегі өзге ұлт өкілдеріне кеудесін  бастырмайды. Қысқасы,  қай-қайсысы да өз  Отанының, өз  тілінің, өз  мәдениетінің, өз  дәстүрінің толыққанды  иесі. Біз ше? Өзімізге келгеде  тіліміз  күрмеліп қалады. Неге? «Күнделікті тіршілігінің баршасы – көшеде, дүкенде, көлікте, ең аяғы асхана мен дәретханада орысшасөйлеуге  мәжбүрсің. Яғни құлағың, жүйке,жүрегің, жұлын-тұтаң  тұрсын, аузыңдағытіліңе  дейін  орыстыкі», – дейді қазақтың асқар таудай  ұлы Мұхтар Мағауин. Сол  Мағауин  «Сен білетін қазақ – өткен заман  қазағы. Рас, ер болды, мәрт  болды. Ел  болды. Бірақ ол  қазақ Кенесары – Наурызбаймен  бірге өлген»  дейді. Келісесің.Бүгінгі  қазақ  баласының тірлігі  соған сай. Өйткені Алаш  баласының рухы, жігері, намысы  солКенесарымен бірге кеткендей. Ал ХХI ғасырға тек  қорқаулығы, жігерсіздігі,намыссыздығы,  жағымпаздығы, дарақылығы,бөспелігі, жемқорлығы – қысқасы, осындай жағымсыз  құр сұлбасы жеткендей. Өйткені орыстың тілімен,  мәдениетімен  суарылған, өз тіліне,  тарихына, әдет-ғұрпына(бәріне  топырақ шашудан аулақпыз)шекесінен  қарайтын  қазақтар  ел ішінде жеткілікті. Олар тұрғанда «Абылай аспас сары белден» асамыз, көсегеміз көгереді  деу  мүмкін емес. «Елдің қамын жеуге  тиіс ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен  әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан»  дейді  тағы Мағауин. Неге?  Кешегі сақ Томириспен ғұн Әтилдің, көк түріктің  көк  семсері болған  Естеміс пен Күлтегіннің,жер-жаһанның  жартысын ат  тұяғымен таптаған ұлы қаған Шыңғыстың,тіпті  бергі Қасым хан мен Абылайдың өрмінезді  ұрпағы осындай  мүсәпір халге қалай түсті деп шырмауық ойдың  шымына батасың.  Өз жерімізде  ұлтымыздың  саны  12 миллионнан  асады, өзгелермен  салыстырғанда үлесіміз 70,5  пайызға  жуық, алайда өз  жеріміздің толыққанды  иесі  неге бола алмай жатырмыз? Санымыз баршылық  болғанмен,  сапамызда кемдік  бар  ма?  Бұл  ой  ұлтым дейтін әр  қазақтың  көкейінде маздап жатқаны  ақиқат.  Кезінде қоғам қайраткері Амангелді  Айталыағамыз былайша толғанған  еді. «Бізтіліміздің, мәдениетіміздің, дәстүріміздің толық иесі емеспіз. Қазақтың санымен сапасының арасында алшақтық біраз. Оған тарихи себептер де бар. Қазақтілінің, қазақ ұлтының жағдайын өзбек, түрікпен, тәжіктермен болмасакавказдықтармен салыстыруға болмайды. Қазақтар орыстандыру саясатының өкпетұсында тұрды.

Орыс, украиндықтар, басқалармен бірге елімізге орыс тілі,орыс мәдениеті, орыс мектебі, дәстүрі келді, келіп қойған жоқ, қазақ тілі,қазақ мәдениеті, дәстүрі ығыстырылды. Себебі сан жағынан басым ұлт өкілдеріқазақтарды өзіне тартып сіңіре бастады, ал өздері қазаққа бейімделмеді.Қазақстан орыстанды, ел өзгерді, басқа орыстілді елге айналды. Қазақ славянелі, христиан еліне айналды. «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» депайтылды, шындығында, орыстанудың лабораториясы болды. Қазақ интеллигенциясыныңбірқатары бұл жағдайға іштей қарсы болды. Ал қоныс аударушылар қазақ мәселесінепысқырып та қарамады, тіпті қазақ мәселесі бар екенін, қазақ ұлтының мұң-мұқтажынелемеді. Қазақтарды адам ретінде, маман ретінде сыйлағанымен, ұлт өкілі ретіндеқабылдамады. Олар ақша табуға, пәтер алуға келгендер еді. Қоныс аударушылардыңсаны көбейіп, олар 40-50-60 пайыз, тіпті 70 пайызға дейін өскенде оларқазақтарға емес, қазақтардың оларға икемделуіне тура келді. Бүгін қонысаударушылардың Ресейге көптеп баруына байланысты орыс ғалымдары азиатизация үрдісі күш алуда деп айқайсалуда. Қазақстанда русификация үрдісікүш алып қойған жоқ, өмір сүрудің салтына, заңдылыққа айналды. Осылай орыстанудерті батпандап кірді. Атадан балаға, баладан немереге ұлтсыздану, тілін,мәдениетін жатырқау кең етек алды. Бүгін тек орыстар, украиндықтар емес,қазақтар арасында ана тілін сыйламайтын, демек, білмейтін, қазақты ұлт ретіндеменсінбейтін үрдіс етек алған». Қазақтың абыз ақсақалы  АмангелдіАйталы  ағамыз осылай  дейді. Қазір бостан,  азат елміз. Не  бөгет?  Кезіндегі кеңестік  жүйе санамызға әбден  сіңіріп кеткен  құлдық психологияданарылуға қам жасамадық. Жан дүниемізде отарсыздану үдерісі  жүрмеді. Бұған бір  себеп – биліктің  әлі күнге Ресей  тілінде сөйлеуге бейілдігі, ұлттың  «көш жүре  түзеледі»  дейтін босбелбеулігі. Біз  қашан  өз жеріміздің, тіліміздің, мәдениетіміздің, дәстүріміздің егесі боламыз? Әзірге  белгісіз.

Әзімбай  ҒАЛИ,  саясаттанушы:

Пессимизмгесалынбайық

Тым пессимизмге салынғым келмейді. Барға  шүкір делік. Қазір қазақ тілініңпозициясы  нығайып келеді. Кезінде30  пайыз қазақ  баласы қазақ мектебінде  оқыса,  қазір ол  көрсеткіш 92  пайызға жетті. Ал  қазақша  білгісі келмейтіндер сол қалпында  қалды. Алайда олардың елімізден  көшуі жылдан-жылға артып (30-40 мың  аралығы, орыстарды,  орыстілділерді айтып отырмын) келеді. Жастарыкетіп,  шал-шауқандары  қалуда. Олардың  бүгін бар, ертең  жоқ екені (өлім-жітім)белгілі. Осылайша қазақтардың  үлесі  көбейе  береді. Бұл үдеріс қазақ тілінің жандануына  оң  әсер етуде.  Яғни  қазақ тілінің,  мемлекеттік тілдің  сакрализация – қасиеттенуі,ал орыс  тілінің  десакрализация – кәделігінің  төмендеуі артуда. Былайша айтқанда,  орыс тілінің ақырын-ақырын төрден  төмен  сырғып бара жатқаны. Түбі Қазақстанның  ғанақазақтанбай, орыстілді  қазақтың  өзі қазақтанатын межеге  жетеміз.Алайда ұлтымыздың саны 13 миллионға тақап, үлесіміз 70  пайыздан асқанмен,  сапамыз қандай  деген сұрақ туады.Бұл  әлі де  бас ауыртатын мәселе. Мен  бұл  жерде сапа деп білім және біліктілікпен қатар, қазақтардың ұлтын, тілін, тарихын, мәдениетін,  салт-дәстүрін сүюді,  қадірлеуді айтып отырмын. Әлі деарамызда  өз  тілінен гөрі  өзге  тілді «жаңа заман тілі»  дейтіндер, ата-баба  дәстүрін «тозық»  деп, өзге жұрттың қаңсығын  «озық»  деп қабылдайтындар көп. Мұндай колониалдық, бейшаралық  түсініктен арылғанкезде  ғана ұлтымыздың  саны мен сапасы  теңеседі.

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасыныңпрофессоры, саяси ғылымдар докторы:

Ұлттың саны мен сапасын арттыру өте күрделі  мәселе

Қазақ ұлтының саны мен сапасы туралы мәселе өтеөзекті. Қазақстан жерінің көлемі бойынша әлемде 9-орын алады, ал халық саныбойынша 64-орында. Сәйкесінше, бізге халықтың санын арттыру керек-ақ. Оныңішінде мемлекетқұрушы қазақ ұлтының да демографиялық өсуі аса маңызды.

Енді сапаға келсек, ұлттық мемлекет болған соң, мемлекетқұрушы төл этнос –қазақ ұлтының атқаратын миссиясы ауыр әрі жауапты, сондықтан оның сапасы дакүшті болуы керек. Ұлттың сапасы деген – ұлттың рухын, өмір сапасы мен өмірсүру деңгейін қамтитын кең ауқымды ұғым. Ұлттық рухты шыңдау көптегенфакторларға байланысты. Оның ішінде ұлттық идеология, ана тілі, ұлттықмәдениеттен бастап, діл мен дін, ұлттық элита, әл-ауқат пен тұрмыс-тіршіліккедейін ұлттың рухын көтеруде маңызды рөл ойнайды. Сонымен қатар ұлттық рухқақалыптасқан қасаң стереотиптер, қанға сіңген әдет-ғұрыптар, тарихи жады,заманауи үрдістер мен өмір салты  даықпал ететінін ұмытпауымыз керек. Қазақ ұлты патшалық Ресейдің боданы да болды,кеңестік тоталитарлық тәртіптің де тепкісін көрді. Қызыл террор кезінде ұлттыңзиялы қауымы саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстан «ұлттар лабораториясына»айналып, орыстандыру саясаты да жүрді. Мұның бәрі тарихи жадымызда ізінқалдырды, стереотиптерден арылу оңай емес.

Тәуелсіздік алғалы бері еліміз демократиялық дамуға бет бұрып, идеологиялықәралуандықты, плюрализмді ұстанып келеді. Бұрынғы коммунистік идеологияныңмонополиясы талқандалып, оның орнында туындаған идеологиясыз бос кеңістіктітүрлі идеологиялар, идеялық ағымдар, діндер, идеалдар мен құндылықтар  басты. Батыстан арзанқол бұқаралық мәдениетеніп, либералды, тұтынушылық қоғам туындады.

Қандай ұлттың болсын рухын көтеруде ұлттық элитаның орны мен рөлі зор.Ұлттық элита құрамына барша зиялы қауым, ғылыми-техникалық интеллектуалдыэлитадан бастап, бизнес элита, білім, өнер, спорт, әскери  элитасына дейін – барлығы кіреді. Ұлттықэлита өз ұлтының мақсат-мүдделерін білдіріп және қорғап, арманын асқақтатып,идеалдарын қалыптастырып, ұлттық идеяға айналдыра білуі тиіс. Ұлттық элита менхалқы бір-біріне арқа сүйесе ел дамиды, ұлттық рух осылайша шыңдалады.

Әрине, ұлттық рухтың дамуы үшін ұлттық бірлік керек.  Рушылдық, жершілдік, тілдік, діни,әлеуметтік-саяси және өзге де жікшілдіктер ұлттық рухтың сағын сындыратынкеселдер.

Сонымен қатар сананы тұрмыс билейтінін де естен шығармауымыз керек. Ұлттыңәл-ауқаты күшейсе, рухы да көтеріледі. Бұл жерде баспана, жұмыспен қамту,кәсіпкерлік, бәсекеге қабілеттілік сияқты көптеген мәселелер бар. Қазақтыңтамыры ауылда, ауыл халқын, ауыл шаруашылығын дамыту аса маңызды.Коронавируспен ілесе туындаған қазіргі экономикалық дағдарыс та азық-түлік,егін және мал шаруашылығын дамытудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Көріпотырғанымыздай, ұлттың саны мен сапасын арттыру өте күрделі мәселе, ол тиянақтытұжырымдамаға негізделген жан-жақты іс-қимылды қажет етеді.

Күлтегін  БЕК

 

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега