Қоғам

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17,00% деңгейінде белгіледі

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 17% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Фото: ашық дереккөз

Пайыздық дәліз ±1 пайыздық тармақ деңгейінде сақталды. Реттеушінің мәліметінше, шешім инфляцияның баяулау үрдісі, макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағасы және инфляциялық тәуекелдердің төмендеуіне байланысты қабылданған.

Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,4%-ды құрады. Бұл өткен жылдың қыркүйегінде тіркелген 12,9%-дық ең жоғары көрсеткіштен 2,5 пайыздық тармаққа төмен.

Азық-түлік инфляциясы 10,7%-ға дейін баяулаған. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс бағасының тұрақтануы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен кейбір импорттық өнімдердің қымбаттау қарқынының төмендеуі әсер еткен.

Сонымен қатар азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,7% деңгейінде сақталды. Ұлттық банк мұны теңге бағамының нығаюымен және тұтынушылық несиелеудің баяулауымен байланыстырады.

Қызмет көрсету саласындағы баға өсімі де бәсеңдеп, 8,7%-ды құрады. Бұған тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсу қарқынының төмендеуі және тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы себеп болған.

Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9–11% аралығына дейін төмендетті. Бұған дейін бұл көрсеткіш 9,5–11,5% деңгейінде болжанған еді.Реттеуші биыл инфляцияның бір таңбалы көрсеткішке дейін төмендеуін күтеді. Болжам бойынша, 2027 жылы инфляция 5,5–7,5%-ға дейін баяулап, 2028 жылы 5%-дық мақсатты деңгейге жетуі мүмкін.

Сонымен қатар Ұлттық банк 2026 жылға арналған экономикалық өсім болжамын жақсартты. Енді Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,5–5,5% аралығында өседі деп күтілуде.

Дегенмен реттеуші инфляцияға әсер ететін тәуекелдер әлі де сақталып отырғанын атап өтті. Олардың қатарында ішкі сұраныстың артуы, тарифтік реформалар, жанар-жағармай бағасының өзгеруі және әлемдегі геосаяси тұрақсыздық бар.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 24 шілдеде жарияланады.

Сайт Әкімшілігі