Сараптама

Ұлттық компания басшылары сыйақыға қашан тояды?

Қазақстанның квазимемлекеттік секторындағы топ-менеджерлердің табысы тағы да қызу талқыға түсетін түрі бар. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» компаниясының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша компанияның басқарма мүшелеріне төленген жалпы сыйақы көлемі 519,1 млн теңгеден асып жығылған.Қазіргі таңда компанияның ресми сайтында басқарма құрамында 9 адам көрсетілген.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Оның ішінде басқарма төрағасы Асхат Хасенов және оның 8 орынбасары бар.

Егер жарияланған 519,1 млн теңге басқарманың 9 мүшесіне тең бөлінді деп есептесек, әрқайсысына шамамен 57,7 млн теңгеден келеді. Алайда бұл – тек шартты есеп. Нақты төлем мөлшері басқарма мүшелерінің лауазымы мен еңбекақы жүйесіне байланысты әртүрлі болуы да мүмкін.

«Миллиардтар шеруі»

Еске салсақ, «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарушы қызметкерлері 2022 жылы 3,6 млрд теңге көлемінде жалақы мен сыйақы алды деп бір шулағанбыз. 2022 жылы компанияның басқарма және директорлар кеңесінің барлық мүшесі 12 адам болған. Сонда 2022 жылы олар ай сайын 25 млн теңге алып тұрған болып шықпай ма? «Қазақтелеком» басшылары бұдан бұрын да жыл сайын қомақты сыйақы алып келген. Мәселен, 2023 жылы күзде «Қазақтелекомның» 4 мүшесінің (Қуанышбек Есекеев, Людмила Атамұратова, Берік Битабаров және Нұрлан Мейірманов) жалпы сомасы 422 159 000 теңге сыйақы алғаны белгілі болса, 2021 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 500 435 000 теңге сыйақы берілген. Бұл шамамен, бір адамға 55,6 млн теңге. 2020 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 425 960 000 теңге сыйақы берілді. 2019 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 625 786 000 теңге сыйақы берілген. Бұл жерде бір басқарма мүшесіне – 69,53 млн теңге.

Фото: Жас Алаш

«Миллиардтар шеруі» мұнымен тоқтамайды. 2025 жылдың ресми қаржылық есептілігі ұлттық холдингтер басшыларының өздеріне тағайындаған сыйақыларының әлі де сол жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Мысалы, қазір біз қарызға батқан және инфрақұрылымы тозған деп жүрген «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) өз басшылығындағы 18 адамға жалпы алғанда 1,036 млрд теңге төлеген. Бұл әр топ-менеджерге шаққанда орташа есеппен 55 млн теңгеден келеді. Ал бұл уақытта қарапайым теміржолшылардың жалақысы мен пойыздардың сапасы қоғам тарапынан қатты сынға ұшырап жатты. Сондай-ақ ҚТЖ-ның трлн-даған қарызы жайлы, компанияның бір қарызды екінші бір қарыз алып жауып жүргенін, тағы да басқа толып жатқан мәселелерін біз «Жас Алашта» жіліктеп жаздық та.

«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясының қарызы жайлы депутаттар да мәселе көтерді. Сарапшылар да ҚТЖ-ның қарызына қатысты тиісті шаралар қабылданбаса, бұл өте жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін екенін ашып айтты. Алайда сенаторлар мен сала мамандары осылай дегенімен, ҚТЖ-ның қарыз алудан беті қайтатын түрі жоқ. Қазірде қарызы көп ұлттық компания саналатын «Қазақстан темір жолы» халықаралық нарықтан тағы қарыз алуға дайын отыр. Бұл ретте компания Лондон қор биржасына 3 млрд долларға дейінгі облигациялар шығару бағдарламасын даярлауда. Әйтсе де, мойнында батпандай қарызы барына қарамастан, ҚТЖ-ның басшылары өздеріне сыйақы тағайындаудан алдына жан салмайды.

2023 жылдың тоғыз айында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның негізгі басқарушы қызметкерлері 711 млн теңге көлемінде жалақы мен сыйақы алса, былтыр 18 адамға 1 млрд-тан асырып қаражат төлеген. Компания өкілдерінің есебінше, бұл сомаға жалақы, сыйақы, әлеуметтік салық төлемдері кіреді.

Фото: ашық дереккөз

«Миллиардтар шеруін» жалғастырушылардың тізімінде «Самұрық-Қазына» қоры көш бастап тұр. Мұнда негізгі басқарушы құрамға тек 9 айдың ішінде 6,738 млрд теңге бағытталған. Қордың ресми қаржылық есептілігінде бұл сома «негізгі басқарушы персоналға төленген вознаграждение» деп аталады. Бұл соманың ішіне мыналар кіреді: басшылардың ай сайынғы тұрақты жалақысы, тоқсандық және жылдық нәтижелерге байланысты берілетін сыйақылар, мекеменің олар үшін төлеген салықтары мен әлеуметтік аударымдары. Қор өкілдерінің айтуынша, 6,738 млрд теңге тек «Самұрық-Қазына» қорының орталық аппаратындағы 6-7 басқарма мүшесіне ғана емес, бүкіл топтың негізгі басқарушы құрамына бағытталған. Оның ішінде қордың Басқарма мүшелері, директорлар кеңесінің мүшелері, шетелдік тәуелсіз директорлар және қор құрамына кіретін кейбір ірі еншілес ұйымдардың негізгі басқарушылары бар.

Мысалы, ресми салық декларацияларына сүйенсек, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың бір жылдық жалпы табысы барлық жалақысы мен бонустарын қосқанда шамамен 197 млн теңге болған. Бұл – айына орта есеппен 16,4 млн теңге шамасында.

Бұдан кейін сараптап көрсек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бонустары да бейжай қалдырмайды. Мұндағы 6 басқарма мүшесіне шаққандағы орташа үлес – 150 млн теңге, жалпы сома 900 млн теңге. Одан кейінгі орында энергетикалық тапшылық жағдайында жұмыс істеп жатқан «KEGOC» тұр. Оның негізгі басшылығына 716,7 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар стратегиялық маңызы бар «ҚазМұнайГаз» 9 адамға 519,1 млн теңге, ал «Бәйтерек» холдингі алғашқы жартыжылдықта 279 млн теңге бөлген.

Бұл ретте ресми түсініктемелер бұл сомалардың тек таза сыйақы емес, еңбекақы, тоқсандық бонустар мен салықтарды қамтитын жиынтық пакет екенін алға тартады. Алайда бұл уәж қоғамның квазисектордағы ашықтықты талап етуін бәсеңдете алмай отыр.

Алғанын алты есе аз қайтарады

Сала мамандары ұлттық компаниялардың қазіргі ұраны – «қарызға батыр да, сыйақы ал» дегенге көбірек ұқсайтынын алға тартады. Қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзіне жүгінсек, қазір дамыған және дамушы елдер квазимемлекеттік сектордағы компанияларының сырттан қарыз алуына қатаң шектеу қоюда. Ал біздің бұл сектордағы компаниялардың тапқан табысынан қарызы көп. Былтыр бұған қатысты Жоғары есеп палатасы құлаққағыс жасаған. Квазимемлекеттік сектордағы компанияларға ондаған жыл бойы қолдау көрсетіліп келгенімен олардың қарызы көп, табысы аз екенін үкімет қабырғасында қозғаған. Депутаттар мемлекет холдингтер мен ұлттық компанияларға триллиондап қаражат бөліп жатқанын, олар оны бюджетке 6 есе аз қайтаратынын айтқан.

«Жалпы, мемлекеттік қарыз, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың борышы туралы мәселе Мәжілісте де, Үкіметте де жиі қозғалады. Сырттан қарыз алуға шектеу қою, ол қарызды ұқсата алмағандарды жауапкершілікке тарту жайы да үнемі талқыланып жатады. Бірақ одан шыққан бір нәтиже жоқ. Мысалы, Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 млрд АҚШ долларына жетсе, сол қарыздың шамамен 127,1 млрд доллары жеке сектордың міндеттемелері екен. Бір ғана «Самұрық-Қазынаның» қарызы 10 трлн теңгеден асатыны айтылды. Енді осынша қарызға батып отырып топ-менеджерлеріне млрд-тап сыйақы беру ақылға қонымсыз емес пе?! Бұған шектеу қойып, мемлекет бұл компаниялардан бюджеттен алған қарызын мерзімінен бұрын қайтаруды талап ету керек», – дейді қаржыгер.

Ұлттық компаниялар халыққа есеп бере ме?

Экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсеновтің пайымынша, ұлттық компаниялардың басшылары Парламентке барып, халық алдында есеп беруге міндетті. «Басшыларына қалай сыйақы, жалақы беріліп жатыр, ұлттық байлықты қаншалықты тиімді басқарып отыр, мұның барлығы ашық болуы керек» деп есептейді маман.

«Санамаласақ, квазимемлекеттік секторда жалпы 27 000-дай кәсіпорын бар екен. Сыртқы қарыздан бөлек, біздегі ұлттық компанияларға Ұлттық қордан, зейнетақы қорынан да кепілдендірілген қаржылар беріліп жатады. Бірақ мемлекет қанша қолдағанымен, олардың ісінің алға басып, экономикамыздың локомативіне айналғаны шамалы», – дейді экономист-сарапшы.

Маманның пікірінше, ҚТЖ-ны қазір халық «жемқорлардың ұясы» деп ашық айыптайды, «Қазақтелекомның» да оңып тұрмағаны шамалы. «Қазақтелеком» арқылы қосқан интернет қызметінің өзі өзге шағын операторлардың қасында жіп есе алмайды, жылдамдығы оны орнатар кездегі шартта көрсетілген интернет жылдамдығынан екі есе төмен.

«ҚазМұнайГаздың» да басынан инфрақұрылымдық күйреу өтіп жатыр. Елде жыл сайын осы компанияға қарасты мұнай өңдеу зауыттары істен шығып қалатын кездер де жиі болады. «Самұрық-Қазынаға» қатысты да айтылар сын көп.

«Тізе берсек, біздің елде ұлттық компаниялар көп, оларға қатысты қынжылтатын мысалдар да жеткілікті. Әйтсе де, бұл компаниялардың басшылары өздеріне қомақты жалақы тағайындап, қандай сын айтылып жатса да көңілдері түскенін көрмейсің, елдің алдында есеп беріп, ақталып жатпайды», – дейді маман.

Өзге елде қалай?

Осы тұста бізді «Әлемнің басқа елдеріндегі ұлттық компанияларда жағдай қалай қалыптасқан? Басқарушы құрамға қанша жалақы төленеді?» деген сауал да қызықтырды. Бұл ретте Эстонияда білімін жетілдіріп жүрген саясаттанушы әрі экономикалық бақылаушы Әсем Қасымхановамен пікірлестік.

Маманның айтуынша, Еуропадағы бірқатар мемлекеттерде ұлттық компаниялардың тиімділігі басшылардың жоғары жалақысымен емес, корпоративтік басқару сапасымен және еңбек өнімділігімен өлшенеді. Мысалы, Эстонияның ұлттық пошта операторы Eesti Post AS компаниясы Қазақстандағы кейбір ұлттық компаниялармен шамалас қаржылық нәтижелер көрсеткенімен, оның топ-менеджерлеріне төленетін сыйақы көлемі бірнеше есе төмен.

«Қазақстандағы ұлттық компаниялардың басшыларына төленетін жалақы мен сыйақы көлемі қоғамда жиі сынға ұшырайды. Әсіресе компаниялардың қаржылық көрсеткіштері нашарлаған кезеңдерде бұл мәселе өткір сезіледі. Мәселен, соңғы жылдары «Қазпоштаның» қаржылық ахуалы күрделеніп, қарыз көлемі ұлғайды. Ал ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын «ҚазМұнайГаздың» өзі де соңғы жылдары қарыз жүктемесінің өсуі мен табыстың төмендеуіне тап болды. Компанияның таза пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 36 пайызға қысқарғанына қарамастан, басқарушы құрамға төленетін жоғары көлемдегі жалақы мен бонустар мәселесі қоғам назарынан түскен жоқ», – дейді Әсем Қасымханова.

Оның пікірінше, Эстонияда мемлекеттік компаниялардың қызметі әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына көбірек негізделген. Сондықтан негізгі қаржы өндірістік процестерді қамтамасыз ететін мамандар мен қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге бағытталады. Ал басқарушы құрамның табысы қатаң бақылауда ұсталады.

Сарапшы бұл тәжірибенің Әзербайжан мен Жапонияда да кездесетінін атап өтті.

«Әзербайжанның мұнай-газ секторындағы жетекші компанияларының бірі – SOCAR. Компанияның қаржылық мүмкіндігі жоғары болғанымен, басқарушы құрамның сыйақы саясаты қоғам мен мемлекеттің бақылауында болады. Бұған дейін жоғары лауазымды қызметкерлердің негізсіз сыйақы алуына байланысты тергеулер жүргізіліп, жауапкершілікке тартылған жағдайлар да болған.

Ал Жапонияда корпоративтік басқарудың өзіндік моделі қалыптасқан. Елде кеңінен танылған «Z теориясы» ұжымдық жауапкершілік пен қызметкерлердің пікірін ескеруге негізделеді. Компания ішінде маңызды кадрлық немесе еңбекақыға қатысты шешімдер қабылданғанда жұмысшылардың ұстанымы назардан тыс қалмайды. Сондықтан басқарушы құрам мен қатардағы қызметкерлер арасындағы табыс айырмашылығы шектен тыс ұлғаймайды», – дейді маман.

Сарапшының пайымдауынша, ұлттық компаниялардың тиімділігі басшылардың жоғары жалақысымен емес, қаржылық нәтижесімен, ашықтығымен және қоғам алдындағы жауапкершілігімен бағалануы тиіс. Ал басқарушы құрамға төленетін сыйақы көлемі компанияның нақты жетістіктерімен және экономикалық көрсеткіштерімен тікелей байланысты болғаны жөн.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі