Саясат

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде нұр-қуыршақтар көп

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру бұл жай биліктің тағы бір құйтырқы ісі». Мемлекет және қоғам қайраткері Балташ ТҰРСЫНБАЕВ «Жас АЛАШ»тілшісіне осылай деп пікір білдірді.

Jasalash.kz
«Бұның ешкімге ешқандай пайдасы жоқ. Кем дегенде бұдан 5-6 жыл бұрын қолға алынғанда бәлкім басқаша болар ма еді. Және оның құрамына халық құлақ асатын адамдарды енгізу керек еді. Бұл жай биліктің құйтырқы ісі. Егер біз расымен демократиялық ел болсақ, ата заңның жолыменен жүретін болсақ онда ешқандай кеңестің қажеті жоқ. Бұл бір жағынан парламент пен үкіметке деген сенімсіздік. Заң бойынша заң жобасын үкімет жасайды. Кейін оны парламентте қарайды. Сосын қабылдап алып, оны орындайды. Ал, мына кеңес сонда не үшін керек? Сайлаудың қорытындысын қарасақ та заңды түрде дұрыс өткен жоқ. Сол сайқымазақтық, дауыс ұрлау. Жарайды енді Тоқаевты заңды президент деп атай қойсын. Бірақ, бұл тірліктері басталмай жатып қалады. Қазірдің өзінде белсенділер өздерінің пікірін айтып жатыр. 99 пайызы осы кеңеске сеніп жатқан жоқ. Бұлардың жоспары бойынша, басында бір рет жиналады. Сол жерде «ананы жасайық, мынаны жасайық» деп сөз сөйлейді. Сонымен, сол күйінде қалады. Кеңес құрамының тізіміне келер болсақ, ол жерде сол билікпен байланыста жүргендер ғана. Шынайы бір-екеуі бар шығар. Ал, қалғанының бәрі «Нұр-қуыршақтар». Олардың қолы жеткілікті. Халыққа ақпарат беретін телеарналар солардың қолында. Егер, Тоқаев дұрыс бетбұрыс жасаймын десе, онда осы көгілдір экраннан-ақ бастасын. Халықтың мұңы айтылатын бағдарламалар ашылсын. Биліктен бір өкіл, халықтың арасынан бір өкіл келіп бетпе-бет отырып талқылансын. 30 жыл біздің билік халықты алдап келді. Осы уақытқа дейінгі биліктің бір уәдесі орындалған жоқ. Халық жылдан-жылға кедейленіп, қайыршы болуға айналды. Ал, енді осындай жағдайда кеңес құрып қойыпты. Оның атын тағы "Ұлттық" деп қойып қойған. Бұл қандай ұлттық дүние? Бұның атын «алдау» деп қою керек. Бірақ, халық енді алданбайды. Олар халықты осылай алдап тыныштандырамын деп ойламасын», — деді саясаткер Балташ Тұрсынбаев.

Айта кетейік, 17 шілде Қазақсан президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жарлыққа қол қойған еді. 

Тоқаев басқаратын кеңес құрамы да жария болды. Кеңес құрамына президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, президент кеңесшісі Ерлан ҚАРИН, адвокат Айман ОМАРОВА, мәжіліс депутаты Бекболат ТІЛЕУХАН және саясаттанушылар Айдос САРЫМ мен Расул ЖҰМАҰЛЫ, режиссер Ермек ТҰРСЫНОВ және элеуметтанушы Гүлмира ЕЛЕУОВА бар. Жалпы кеңес 44 мүшеден тұрады. Айтпақшы, кеңес құрамынан биылғы президент сайлауында кандидат болғандарды да байқадық. Олар: Дания ЕСПАЕВА, Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ пен Жамбыл АХМЕТБЕКОВ.Сонымен, қоғамдық кеңестің алдына қойып отырған міндеттері мынадай: мемлекеттік бағдарламалар мен заңдардың жобаларын қоғамдық сараптамадан өткізіп, жұрт пікірін ескеріп, халық пен билік арасында байланыс орнату. 

Бұл туралы Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан ҚАРИН "Ұлттық кеңес маңызды азаматтық диалог құралы болады" деп сеніммен айтқан еді. Және тамыз айында өткізілетін алғашқы отырыста біраз мәселенің түйіні шешіледі деп уәде бергендей болған.

Фото: datnews.online

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега