Ұлы дала және атакәсіп - егіз ұғым
Қазақ қоғамы мал өсірудің жаңа концепциясына мұқтаж
Белгіленген тақырыпқа байланысты қоғам назарын халқымыздың дәстүрлі құндылығы – мал өсіру кәсібінің бүгінгі жағдайына аударуды жөн санадым. Кез келген мемлекетті ұлттың қайта жаңғыруы, оның атакәсібі мен мүмкіндігін күйзелтуден емес, жаңа сұраныстарға үйлесімді бейімдеуден басталмақ. Әлемдік тәжірибе солай дейді. Бұл – ұлт өмірін реформалаудың альфа және омегасы. Еуропалық капитализмнің бастау көзіндегі Британия алғашқы қадамын екі мәселені тура шешуден бастаған. Бірі жас ұрпаққа сұранысқа лайық білім беру және екіншісі – аграрлық мәселенің тура шешімін табу болды.
Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанның ауыл шаруашылығы елеусіз қалдыра салатындай соншалықты төмен өндіріс саласы емес-тін. Ол аз дегенде, екі міндетті жеңіл орындай алатын өндіріс бағыты еді. Біріншіден, ол тез өсу жолында тұрған республика халқын отандық азық-түлікпен, сондай-ақ, екіншіден, өнеркәсіп пен қаланы шикізат және жұмыс қолымен қамтамасыз ете алатын бұлақ көзі еді. Бұған қосымша, артық өнімді шетке шығарып инвестиция тарта алатын мүмкіндігі жоғары-тын. Біз, қазақ халқы, ата-бабамыздан бері малшы халықпыз. Малшылық, яғни мал өсіру – атакәсібіміз.
Ұлт өмірінің терең білгірі Әлихан Бөкейханов қазақ халқының мал өсіру кәсібіне байланысты түрлі пікір айтушыларға жауап беріп, «халықтың егінші болуы немесе мал өсіріп, малшы атануы ол өмір сүрген табиғи ортаға, жердің құнарына байланысты, қазақ даласында қандай жұрт өмір сүрмесін, ол басым түрде мал өсірумен айналысатын болады» деген.
Осы арада менің есіме мынадай бір жағдай түсіп отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жапонияның Хоккайдо аралындағы Саппоро университеті жанындағы Славян зерттеулер орталығының шақыруымен ғылыми конференцияға қатысқаным бар. Сонда конференция қонақтарын Жапон теңізі жағалауына алып шығып, тарихи орындармен таныстырды. Сол тарихи орындардың бірі қолындағы қармағымен теңіз жағасында балық аулап отырған балықшының кейпі бейнеленген аралдағы ең көне ескерткіш – үлкен қойтас еді. Жалғыз ғана қойтас. Экскурсияға келген қонақтар билет түбіршігімен кіретін музей-үй.
Әлгі қойтаста бейнеленген балықшының суретін жапон жеріндегі тас ғасырлар дәуірінен жеткен құндылық ретінде мемлекет құрметпен сақтап, ел өмірі мен оның тарихының бастау көзі орнында сонымен қонақтарын таныстырып отыр. Жалғыз қойтастан тұратын музейден сәл арыда, теңіз жағалауында ашық аспан астында тағы бір ашық музей орналасқан. Ол неге арналған дейсіздер ғой!? Балықшы кәсібіне. Жапондар ел болып, тарих сахнасына шығуын атакәсібі – балық шаруашылығымен байланыстыратыны байқалады. Аспан астындағы ашық музейде не бар дейсіз ғой!? Балықшы кәсібіне қатысты балықшының еңбек құралдары, оның киім-кешегі, тіпті үйіне дейін рет-ретімен орналастырылған. Балықшы кәсібінің көне замандардан бері қандай қалыптасу және өзгеру жолынан өткенін көз алдыңызға келтіру мүмкіндігіңіз бар. Осы екі музеймен танысып, менің түйгенім: жапон халқының төл тарихына, ең негізгісі, ұлт ретінде атакәсібіне деген құрметі еді.
Жапон халқының бүгінгі жетістіктері, мүмкін, төл тарихы мен дәстүріне деген құрметіне байланысты болар. Бізде, біріншісі – таңбалы тастар музейін бір емес, бірнеше жерден жарақтауға болар еді. Ал екіншісі – атакәсіп – малшылар өміріне арналған музей жарақтау қолға алынбаған күйде қалып келеді. Қоршаған ортамен, табиғатпен үйлесімдікте өмір сүрген қоғам ұтады. Бұл ретте біздің халықтың тәжірибесі мол.
Мен кәсіби тұрғыдан мал шаруашылығынан алыс адаммын. Дегенмен Отан тарихын зерттеуші ғалым ретінде кейде бұл шаруашылық саласына қатысы бар қайсыбір фактілермен жұмыс істеуге тура келеді. Мәселен, біз қазақ зиялы қауымы советтік кезеңде де, сондай-ақ тәуелсіздік жылдары да атакәсібіміз – мал өсіру ісіне құрмет туғыза алмадық. Соңғы жылдары тіптен қазақ баласының санасында бұл кәсіптен жирену, кету байқалады. Басқаша айтқанда, атакәсіпке байланысты ұрпақаралық сабақтастық біржолата үзілмесе де, соған жақын жағдайда. Бұл іс, әрине, зиялылардың қызметіне ғана тәуелді іс емес. Бұл алдымен өкімет ісі, жалпы қоғам ісі.
Нақты мысалға сүйенейін. Менің әкемнің туған аға-бауыры малшы болды, қой бақты. Оның ұлы әке кәсібін жалғастырды. Ұлдың еңбек жолының аяғы Совет өкіметінің ыдырау жылдарына тұс келді де, тәуелсіздік жылдары өсірген малының қызығын көре алмай, өмірден озды. Өйткені оның өсірген мал өнімдерінің (еті, сүті, жүні, терісі т.б.) тауарлық құны болған жоқ. Малшылық кәсіпке бейімделген үшінші буын ұл бүгінде ауылдағы шаруасы сәттірек жүрген кәсіпкердің малын бағып жүр. Алатын айлық жалақысы 80 мың теңге. Оның еңбегі ешқандай да заңдық актімен қорғалмаған деп айтуға болады. Бұл, әрине, жалқы нәрсе емес. Ол, жалпы, қоғамда орын алып отырған жағдай. Сонда қалай, бізге малшы кәсібі керек болмағаны ма?
Тарихшы ретінде менің түсінігімде, реформа қоғамның әлеуметтік құрылымын, оның сұраныстарын есепке алғанда ғана нәтижелі болмақ. Елдегі реформалық шаралар қазақ халқының кәсіби тұрғыдан бейімділігін есепке алғанда жемісін ерте беретін еді. Қорыта айтқанда, сол баяғы «Не істеу керек?» деген сұрауға қайта ораламыз. Тарихтан мал өсірудің екі түрі мәлім. Бірі – дәстүрлі жайылымда жайып бағу, ал екіншісі – даярланған жемшөп арқылы қолда ұстап бағу. Қазақ жерінің табиғи ерекшелігі мен ауа райына байланысты біздің елімізде шаруалар осы әдістердің алғашқы түрін меңгерген. Халықта «Жер малды асырайды, мал қазақты асырайды» деген сөз бар. Жерін қыстау, жайлау, күздеу және көктеу деп бөліп, қай малды қандай жерге, қай уақытта жаю керек екенін білген қазақ жердің шөп қорын кәсіби биолог-ботаник дәрежесінде меңгерген.
Бүгінгі медицина жайылымда аяғымен жайылған мал сүті мен етінің адам организміне пайдалы келетінін дәлелдеп отыр. Бұдан әрі ұсыныстарымды айтумен шектелейін. Біз осындай кең де берекелі жеріміз тұрғанда мал шаруашылығынан кете алмаймыз. Олай болса бізге, мүмкін, мал өсірудің жаңа концепциясын даярлап, оны қоғамдық талдаудан өткізу қажет шығар?! Ауылға мал өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын жеткізбей, іс оңға баспайды. Соңғы уақытта Алматыда мал жүнінен тігілген киім сататын Моңғол елінің дүкендері ашыла бастады. Ондай киім түрлері 70-80-ге жетеді екен (МХР-да бұрын 34-40 млн мал болған. Қазір 70-80 млн басқа жеткізіп отыр. Халық саны – 3 млн).
Мал өсіру еңбегі тартымды, бүгінгі сұраныстарға сәйкес болуға тиісті. Мал өсіру кәсібін үйрететін оқу орындарын ашу қажет. Норвегияда, мәселен, балықшы кәсібін арнайы ашылған кәсіптік-техникалық оқу орындары үйретеді. Бізде де осындай оқу орындары ұйымдастырылса орынды болар еді.
Оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдарында халқымыздың бай да бағалы тәжірибесі бүгінгі сұранысқа сәйкес дәрежеде көрсетілмей келеді. Мәселен, бүгінгі қазақ баласы төрт түлік малдың киесі бар екенін, олардың Қамбар ата (жылқы малы), Шопан ата (қой малы), Ойсыл қара (түйе малы), Зеңгі баба (сиыр малы) аталатынын біле бермейді. Бұл тақырыпқа мен сырт көз, тарихшы ретінде тоқталып отырмын. Мамандар мәселені бұдан да терең аша алатыны, әрине, күмәнсіз. Осы атакәсіпке байланысты пікірден соң, өзіме жақын тақырыпқа ойысайын.
Қоғам аяқталуға бет алған жылы ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өтуде. Осы орайда, мемлекет басшылығы біраз кешенді шараларды белгілеп, тура шешім қабылдады. Бұл іске әсіресе жас өркеннің тартылғаны қанағат сезім тудырады. Сонымен бірге тарихшы ретінде өзімді ойға қалдырған бір жағдаймен бөліскім келеді. Өткізілген шаралардың нәтижесінде біз Абай рухына, оның мұрасына жақындай түстік пе?
Абай, оның мұрасы өткінші нәрсе емес. Президент және үкімет әл-Фараби мен Абай жылын белгілей отырып, аса маңызды мақсатты – ұрпақаралық сабақтастыққа, сол арқылы әлсіреген ұлттық руханиятқа дем, қуат беруді көздеді. Сонымен бірге осы датаға арналған шараларды өткізу барысында тақырыпқа қатысы бар бір іргелі нәрсе ескерусіз, көлеңкеде қалып қойды. Ол Абай мен оның ізін ала, «Оян, қазақ!» деп атой салып, өмірге келген буын арасындағы өзара рухани, шығармашылық сабақтастық еді. Егер өмірде бұл ұрпақаралық байланыс орын алмаса, қаттырақ болса да айтайық, онда Абайдың шығармашылық мұрасы тұл болар еді. Өйткені ұлт өмірінің мазмұн-мұраты мен сөлі де осы сабақтастықта.
Большевизмнің сұңғыла саясаткерлері ұлт өміріндегі бұл сабақтастықтың маңызын жақсы түсінді. Сондықтан да болар, бұл тақырыпқа ақын-жазушылар мен ғалымдарға қалам тартуға үзілді-кесілді тыйым салынды. 1951 жылы маусымда Ұлттық ғылым академиясында Қ.Сәтбаевтың төрағалығымен, партияның орталық комитетінің хатшысы І.Омаровтың қатысуымен Абай мектебіне арналған үшкүндік дискуссия нәтижесінде оған қатысқан М.Әуезов, С.Мұқанов және басқа белгілі тұлғалар ұлт руханиятына пайдалы ортақ бәтуаға келе алмай тарқады. Биліктегі идеологиялық аппарат ондай ортақ тұжырымға келтірмейтін де еді. Мәселе мынада: Абай мұрасын жалғастырушы, сол бір қиын заманда оның мұрагері мен иесі міндетін атқарған буын – ол алаштық буын еді. Ал коммунистік партияға Алаш атын жағымды мазмұнда атау, еске алу өз ұстанымын жоққа шығарумен тең еді. Коммунистік партия мен Алаш – бұлар еш уақытта өзара үйлесімге келе алмайтын ағымдар болды.
Осы ретте, енді бүгін бұл буындар арасындағы рухани сабақтастықты, өзара толық табиғи жалғастықты айтып, оны жас ұрпаққа қасиетті аманат және парыз ретінде жеткізуге қандай кедергі бар? Біздің түсінігімізде, ондай кедергі жоқ. Болған күнде де, ол табиғилыққа жат әрекет есебінде бағаланбақ. Қайталауға тура келеді: Алашсыз – Абай тұл. Ал Абай мен Алашсыз ұлттық идея жоқ.