Без Категории

Ұлыбритания және ЕО Брекзит туралы келісімге қол қойды

Ұлыбритания және Еуропа одағы елді ЕО-дан шығару жөнінде жаңа келісімге қол қойды.

Jasalash.kz

Бұл ақпаратты бейсенбі, 17 қазанда Брюссельде Еуроодақ саммиті басталмай тұрып, Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон және Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер хабарлады.

Джонсон британ парламентін келісімді мақұлдауға шақырды.

Юнкер де екі жақтың келісімге келгенін растап, ЕО басшыларын құжатты қабылдауға шақырды.

Әзірге жаңа келісімнің мәтіні жарияланбады. Кеше, 16 қазанда Ұлыбритания Ирландия шекарасының мәртебесі жайлы Еуропа одағының талабына көнген еді. Әзірге белгілі мәліметтерге қарағанда, келіссөзге қатысушылар Ирландия теңізінде шекаралық кеден қызметін құру жөнінде келісімге келген.

Егер британ парламенті 19 қазанға дейін Брекзит туралы жаңа келісімге дауыс беріп үлгермесе, заң бойынша Борис Джонсон Ұлыбританияның ЕО-дан шығу мерзімін 31 қазаннан әрі қарай жылжытуын сұрауы тиіс. Кейбір сарапшылар басым бөлігі Джонсон оппоненттерінен құралған қауымдар палатасы келісімді оңайлықпен қабылдай қоймайды деп санайды. Лейбористердің айтуынша, егер Джонсон Брекзит туралы келісімді дауыс беруге шығарса, кейбір түзетулерге қатысты референдум өткізуді ұсынбақ.

Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега